Шымкентте 650 грамм салмақпен туған нәрестенің көзіне күрделі ота жасалды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Дәрігерлер бірнеше ай бойы аз салмақта шала туған қыздың өмірі үшін күресіп, қауіпті көз ауруын анықтаған соң микрохирургиялық операция жасады.

Фото: Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы

Нәресте былтыр қараша айында жүктіліктің 25 аптасында дүниеге келген, салмағы небәрі 650 грамм. Дәрігерлер шала туған сәбиді реанимацияға ауыстырып, емдеуді бастады.

Тексеру кезінде балаға ретинопатия диагнозы қойылды. Бұл шала туған балаларда жиі кездеседі. Сырқатты уақытылы емдемесе, көру қабілеті толық жоғалуы мүмкін.

— Нәресте өте аз салмақпен туған, сондықтан ота өте дәлдікті талап етті. Дегенмен, операция сәтті өтті, — дейді дәрігерлер.

Фото: Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы

Үш айлық сәбидің қазіргі салмағы — 2 келі 400 грамм. Дәрігерлер нәрестенің қалыпты жағдайда дамып келе жатқанын айтады. Қазіргі таңда нәресте үйіне шығарылды. Ол тұрғылықты жері бойынша дәрігерлердің бақылауында болады.

Жыл басынан бері Шымкентте шала туған үш сәбиге ретинопатия сырқаты бойынша ота жасалып, барлығы сәтті шыққан.

Айта кетейік, былтыр елімізде алғаш рет шала туған және жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтауға бағытталған жоба іске қосылды.