Шымкентте су нысандарын жекешелендіру сот арқылы жарамсыз деп танылды

Фото: ҚМА

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру нысандары мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі негізінде мәлім болды.

2004 жылдан бастап мемлекет үлесінің 22%-ын құрайтын сумен жабдықтау нысандарын «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС басқарған. Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жүргізген қаржылық талдау нәтижесінде компанияда серіктес құрылымдармен байланысты күмәнді қаржы операциялары мен шығын белгілері анықталды.

- Сумен жабдықтау саласындағы заң бұзушылықтар, оның ішінде Су кодексінің талаптарына сәйкессіздік, жекешелендіру кезінде процедуралық ауытқулар және тиімсіз басқару фактілерінің анықталуына байланысты материалдар нысандарды мемлекет меншігіне қайтару үшін әкімдікке жолданды, - деп жазды агенттіктен.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты сумен жабдықтау және су бұру нысандарын жекешелендіруді жарамсыз деп танып, оларды бастапқы жағдайына келтіріп, мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.

Әкімдік берген мәліметтер бойынша, сумен жабдықтау тарифі 30%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Бұған дейін Шымкентте аптап ыстықтан электр желілері істен шығып, кей ауданда жарық сөніп қалған.