Шымкентте 2 айдан бері су құбыры апатының салдары әлі де жойылмаған

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының Қайнарбұлақ тұрғын алабында екі ай бұрын болған коммуналдық апаттың салдары әлі жойылған жоқ. Тұрғындардың айтуынша, су құбырының жарылуынан кейін топырақ біртіндеп шөгіп, үйлердің қабырғаларында жарықтар пайда болып жатыр.

Фото: Шымкент қаласы тұрғындарынан

Тұрғындар оқиға орнынан журналистерге фото мен бейнежазбаларды жолдап, әлеуметтік желілерде жазба жариялап, өз алаңдаушылығын білдірген. Олар апаттан кейін үйлердің іргетасы әлсіреп, тұрғындар қауіпті жағдайда өмір сүріп жатқанын айтады.

Әкімдік мәліметінше, Садовая көшесіндегі 3-үй апатты жағдайға байланысты бұзылды. Жаңа үй салудың негізгі кезеңдерінің бірі — іргетас жасалып, оған темір-бетон құйылған. Келесі қадамдарда құрылысшылар үйдің тірек құрылымдарын көтеріп, едендерді төсіп, шатырды жасайды, су, электр сияқты инженерлік жүйелерді орнатады және ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарын атқарады.

Оған қоса, Садовая көшесі, 2-үй — ғимараттың негізі күшейтіліп, бетонды іргетас құйылды. Алдағы уақытта үйдің ішкі бөліктерін қалпына келтіру, қабырғалар мен едендерді жөндеу, инженерлік желілер мен әрлеу жұмыстарын орындау жоспарланып отыр.

Фото: Шымкент қаласы тұрғындарынан

Сонымен қатар Жаңақұрылыс көшесі, 668/1-үй — күшейтілген іргетас төсемі құйылып, кейін ішкі жөндеу, инженерлік жүйелерді, қабырғалар мен едендерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Бұған дейін Қостанайда қысыммен жұмыс істейтін кәріз коллекторының құбыры жарылып, маңайдағы аумақтар, соның ішінде «Энергетик» саяжай учаскелері су астында қалғанын жазғанбыз.