Шымкентте талапқа сай келмейтін жұмыртқа мен 15,7 келі шұжық жойылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте ветеринариялық бақылау кезінде ішкі сауда нысандарынан талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлік өнімдері анықталды.

Фото: Kazinform\ЖИ

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Айдар Пәрдебекұлының айтуынша, жылдың сегіз айында 2117 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Нәтижесінде 210 әкімшілік хаттама толтырылып, 9,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

— Ішкі сауда нысандарын тексеру барысында белгіленген шектеулерді бұзып әкелінген 12 510 тауық жұмыртқасы, сондай-ақ ветеринариялық құжаттары жоқ 15,7 келі шұжық өнімдері анықталып, жойылды. Заң бұзушылықтар бойынша 324 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, — деді Айдар Пәрдебекұлы.

Сонымен қатар, малды белгіленбеген орындарда сою фактілері бойынша 14 әкімшілік хаттама толтырылып, 692 мың теңге айыппұл салынып, өндірілді.

Бұған дейін Ресейден әкелінген ветеринариялық құжаттары жоқ 252 мың дана тауық жұмыртқасының кері қайтарылғанын жазған едік.