Шымкентте тегін 10 сотық жер кезегінде 280 мыңнан астам адам тұр

АСТАНА.KAZINFORM — Шымкентте жеке тұрғын үй салуға берілетін тегін жер кезегінде тұрған азаматтар саны 280 мыңнан асты. Ал аймақта жер телімдерін бөлу 18 жыл бұрын тоқтатылған.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Мемлекет беретін 10 сотық жер телімін алу кезегінде 280 302 адам тұр. Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Омарханов Kazinform агенттігіне бос жерлердің тапшылығы мен инфрақұрылымға қатысты мәселе туралы баяндады. Оның айтуынша, заң нормалары жерді бөлу тәртібін қатаң реттейді.

— Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 44-бабының 5-3-тармағына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдері аумақтың құрылыс жоспары дайындалған соң беріледі. Бос жерлерді бөліп беру үшін инженерлік инфрақұрылым да (су және электр жүйелері) дайын тұруы керек, — деді ол.

Басқарма ұсынған мәліметке сәйкес, қазір Шымкентте құрылысқа дайын бос алқап жоқ.

— Халық сұранысына сай, инфрақұрылымы дайын жер жоқ болғандықтан, үй салуға арналған жер телімдерін бөлу мүмкін емес, — деді Бақыт Омарханов.

Қалалық жер қатынастары басқармасы бос аумақ тапшылығы қанша уақыттан бері жалғасып келе жатқанын да мәлімдеді.

— Шымкент қаласы әкімдігі 2008 жылдан бері жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін берген жоқ, — деді басшы орынбасары.

Басқарма мәліметіне сай, құрылысқа жарамды бос аумақтар пайда болған жағдайда азаматтар жерді кезек бойынша алады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, кәмелетке толған әр азамат мемлекеттен 10 сотық жерді тегін алуға құқылы. 2022 жылдың 1 наурызынан бастап eGov.kz порталы арқылы жер кезегіне тіркелуге немесе деректерді өзгертуге болады.

Жерді иеленген адам үш жыл ішінде үй салуға тиіс, ол үлгермеген жағдайда аумақ мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін. Бұған дейін Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламов заңсыз құрылыс мәселесі жер телімдеріне деген жоғары сұраныспен тікелей байланысты екенін айтқан еді. Оның сөзінше, 2023 жылдан бастап республикалық маңызы бар қалаларда жер алу кезегіне қою тоқтатылған. Азаматтар өзге өңірде кезекке тұра алады.

Электронды есеп жүйесі енгізілгеннен кейін қазақстандықтар тұрғылықты қаласынан басқа аймақта тегін жер иелене алады. Бұл өзгерістің нәтижесінде Түркістан облысында жеке тұрғын үй құрылысына арналған 10 сотық жер алу кезегі жарты миллион адамнан асқан.

Айта кетелік Түркістанның жаңартылған бас жоспары: қанша гектар жер мемлекет мұқтажына алынатыны туралы жазған едік

Дария Ғұмар