Шымкентте теміржол үстінен салынып жатқан жаңа көлік өткелінің 50%-ы дайын
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту аясында Момынов көшесінде теміржол үстінен жаңа автокөлік өткелі салынып жатыр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы құрылыс барысымен танысты.
Депутаттың айтуынша, жоба қалалық қозғалысты жеңілдетіп, кептелістерді азайтып, жол қауіпсіздігін арттырады. Төрт жолақты өткелде жаяу жүргіншілер жолы мен бағдаршамдар орнатылады.
Құрылыс 2024 жылғы қарашада басталып, қазіргі таңда нысанның 50 пайызы дайын. Мердігер ұйым жұмыстың жоспарға сәйкес жүріп жатқанын мәлімдеді.
– Шымкент – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан қала. Жол өткел «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр және бұл – біздің сайлаушыларға берген нақты уәделеріміздің бірі. Мен осы жобаның бағдарламаға енуіне бастамашы болып, қаржы бөлінуіне ықпал еттім. Қазір нысанның құрылысы сәтті іске асуда, оны жеке өзім бақылауда ұстаймын, – деді Болатбек Нажметдинұлы.
Сонымен қатар, Тіленшин көшесінде де осындай жол өткелінің құрылысы жүріп жатыр, оның дайындығы – 20 пайыз. Екі нысан да 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл жобалар қаланың шығыс бөлігін орталықпен байланыстырып, көлік ағынын қайта бөлуге және негізгі магистральдердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша қала жолдарының 75 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық күйде болса, биыл бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарланған. 2026 жылға қарай жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан асатын 850 көшеге толық асфальт төселеді. Оның 540 шақырымы биыл жүзеге асуы тиіс.
2025 жылы қалада 32 жаңа бағдаршам орнатылып, жол белгілері жаңартылады және реттелмейтін өткелдердің басым бөлігі жарықтандырылады.
Болатбек Нажметдинұлының өңірге сапары аясында сайлаушылармен кездесулер өткізу, әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралау, тұрғындарды жеке қабылдау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Өскеменде Үлбі көпірінен ақау шықты.