Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары қатысты.
Мемлекет басшысының Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Момынов және Тіленшин көшелеріндегі өткелдердің негізгі құрылысы былтыр басталған. Жобалар қаланың аудандары арасындағы байланысты күшейтіп, көлік қатынасы мен қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған.
Тіленшин көшесіндегі өткелдің маңызы бұл учаскедегі пойыз қозғалысының жоғары қарқындылығымен байланысты. Мұнда тәулігіне орта есеппен 59 пойыз өтеді. Соның салдарынан теміржол өткелі әр жолы 10-20 минутқа дейін жабылып, көлік кептелісі туындайтын.
Жаңа нысан автомобиль және теміржол қозғалысын бір-бірінен бөліп, көліктердің үздіксіз жүруіне мүмкіндік береді.
Бұл – биыл Шымкентте пайдалануға берілген осындай екінші нысан. Қаңтар айында Момынов көшесіндегі автокөлік өткелі ашылған болатын. Екі өткел де автомобиль жолы мен теміржол желісі қиылысатын учаскелердегі көлік қатынасын жақсартуға арналған.
– Көлік инфрақұрылымын дамыту Шымкенттің даму қарқынына сай жүргізіліп, қаланың әр ауданындағы тұрғындардың қажеттіліктерін ескеруі тиіс, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Тіленшин көшесіндегі өткел ашылғаннан кейін оның айналасындағы аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасады. Жаңа нысан іргелес көшелердегі көлік қозғалысын жақсартып, теміржолдан өту қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындардың жолға кететін уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте Момынов көшесінде теміржол үстінен жаңа автокөлік өткелі салынып жатқаны жазылған еді. Сол кезде нысан құрылысының 50 пайызы аяқталған болатын.