Шымкентте тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауыты салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытын салуға Испания, Қытай, Германия, Корея және Түркия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түскен.

Фото: kaz-waste.kz

«Қала әкімдігінің 2023 жылғы 13 қаңтардағы №55 қаулысы негізінде «Green line» қалдықтарды қайта өңдеу зауыты» ЖШС-нің жеке меншігінен қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мемлекеттік коммуналдық меншігіне қайтарылды. Полигондағы 1,5 млн тонна жартылай көмілген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қоқыстар толығымен ретке келтірілді. Қазіргі уақытта полигонның толуына байланысты жаңа полигон салу үшін 30 га жер қарастырылып, құжаттары рәсімделуде», - деп жауап берді Шымкент қалалық әкімдігі Kazinform ақпарат агенттігі жолдаған ресми сауалға.

Ақпаратта айтылғандай, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытын салу жөніндегі ұсыныстар Испания, Қытай, Германия, Корея және Түркия инвесторларынан түскен.

«Аталған елдер инвесторлармен кездесуде қалдықтарды алдын ала сұрыптау шарттары қойылып, қалдықтардың морфологиялық құрамы ұсынылды. Әрбір шетелдік инвестор қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату кезінде алынатын электр энергиясына қызығушылық танытуда. Бірақ қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату кезінде алынған электр энергиясына бекітілген тарифтің болмауына байланысты өртеу зауытының құрылысы инвестор үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып отыр», - дейді әкімдіктен.

Экология кодексінің 324 бабына сәйкес қалдықтарды кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды уәкілетті орган (Экология және табиғи ресурстар министрлігі) бекітеді.

«Қалдықтарды кәдеге жаратуға жұмсалатын электр энергиясының тарифі министрлік тарапынан қарастырылғаннан кейін қалдықтарды өңдеу зауытының құрылысы жүргізіледі», - делінген сауал жауабында.