Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық істері бір тәулікте сотқа жіберіліп жатыр

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының прокуратурасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істерді жедел қарау тетігі енгізілгенін мәлімдеді.

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Жаңа механизм аясында прокуратура, сот және Сот сараптамалары институты арасында өзара тиімді іс-қимыл жолға қойылған.

Нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстық теріс қылықтар бір тәулік ішінде сотқа жолданады.

Прокуратура мәліметінше, қала тұрғындарының бірі отбасылық жанжал кезінде жұбайына күш қолданған.

Оқиға бойынша сот-медициналық сараптама қорытындысы жедел алынып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қылмыстық іс материалдары сол күні сотқа жіберілген.

Енгізілген тәртіп нәтижесінде осы санаттағы 30 қылмыстық іс 24 сағат ішінде сотқа жолданған.

Шымкент қаласының прокуратурасы қабылданған жүйелі шаралардан кейін тұрмыстық құқық бұзушылықтарды қайталау фактілері тіркелмегенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін ШҚО-да отбасылық зорлық-зомбылық көбейгені хабарланды.