Шымкентте тұтынушылардың жылуға қарызы 820 млн теңгеден асқан

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте жылу берешегін өндіріп алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: Freepik

Шымкентте тұтынушылардың жылу және ыстық су қызметтері бойынша жалпы берешегі 821 млн 780 мың 936 теңгеге жеткен.

— Оның ішінде заңды тұлғалардың берешегі — 416 млн 498 мың 305 теңге, ал жеке тұлғалардың қарызы — 405 млн 282 мың 631 теңге, — деп хабарлады «Қуатжылуорталық-3» мекемесі.

Кәсіпорынның мәліметінше, берешегі бар тұтынушыларға жылу беру тоқтатылмайды. Алайда екі айдан бастап төлем жасалмаса, берешекті сот тәртібімен өндіріп алу бойынша шаралар қабылданады.

— Алдымен абоненттерге SMS және пошта арқылы хабарлама жіберіледі, қызметкерлер де ескертеді. Қарызды өтеуге үш күн беріледі. Осы мерзімде төлем жасалмаса, берешекті өндіріп алу жұмыстары жүргізіледі. Кейін іс сот орындаушысына жолданып, борышкерге қосымша шығындар есептелуі мүмкін, — деді жауапты сала өкілдері.

Бұған дейін Шымкентте жылу желілерінен 135 ақау анықталғанын жазған едік.