Шымкентте үй тазалауға келген әйелді қорлап өлтірген жасөспірім сотталды

Фото: Polisia.kz

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте сот биыл шілде айында үй тазалауға келген әйелді өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастап кеткен жасөспірімді 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 17 жастағы А.-ны «Адам өлтіру» (ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі) және «Ұрлық» (ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігі) баптары бойынша кінәлі деп тапты. Ал дәлелдің болмауына байланысты «Өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау» (ҚК-нің 314-бабының 1-бөлігі) бабы бойынша кінәсіз деп танылды.

Қалалық сот хабарлағандай, кәмелет жасына толмаған сотталушы 2025 жылғы 21 шілдеде Telegram әлеуметтік желісінде үйді тазалап беретін қыз-келіншектер қажет екені туралы жарнама жариялаған. Жәбірленуші осы жарнама бойынша хабарласып, сол күні үйді тазалап, келіскен еңбек ақысын сұраған. Алайда, сотталушы осы еңбек ақыны төлемеу мақсатында жәбірленушіні өлтіріп, оның ұялы телефонын ұрлаған.

Сотталушының кінәсі толық дәлелденді. Жасөспірім жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған ҚАЖ-нің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енбеген.

Бұдан бұрын Шымкентте пакетке оралған адам сүйектері табылғанын жазған едік.