Алғашқы сот отырысында жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынып, қылмыстық істің 36 томының төртеуі зерттелді.
Іс бойынша алты адам сот алдында жауап беріп жатыр. Олар — Мақсұт Арысбаев, Рауан Инкарбеков, Дархан Қызбалаев, Бекасыл Жұманазар, Әлихан Ерімбет және Жанділда Қуандықов. Марат Дауласовқа іздеу жарияланған. Тергеу барысында «Баха» деген атпен белгілі тағы бір ықтимал сыбайластың кім екені әзірге анықталмаған.
Сотталушыларға бұзақылық, Мақсат Көшкенбаевты өлтіруге оқталу, Василий Колесниковты ұрлау және өлтіру бойынша айып тағылған. Айыптау нұсқасына сәйкес, қылмыс адамдар тобымен, аса қатыгездікпен және бұзақылық ниетпен жасалған.
«Бәрі бір минуттың ішінде болды»: шабуылдың куәгері не деді
Алғашқылардың бірі болып Нұрмахан Ешанқұлов жауап берді. Оқиға болған күні ол Hyundai Sonata көлігін тізгіндеген. Оның көлігінде Василий Колесников пен Мақсат Көшкенбаев болған.
Жәбірленушінің айтуынша, шамамен сағат 12:30–да үшеуі кездесіп, 11-шағынаудандағы асханада түскі ас ішкен. Кейін Колесниковтың өтініші бойынша Байтұрсынов көшесіне барған. Василий көліктен үш-төрт минутқа шыққан. Қайтып келген соң олар 11-шағынауданға қарай бет алған.
Рысқұлов және Ерімбетов көшелерінің қиылысында Hyundai бағдаршамның қызыл түсіне тоқтаған. Сол кезде көлікке артынан ақ түсті Toyota Camry келіп соғылған. Ешанқұлов жол-көлік оқиғасы болды деп ойлап, көліктен шыққан.
— Көліктің артқы бөлігін қарап шықтым. Нөмір белгісінен кішкентай ғана ақ із қалып қойыпты. Отырып, оны саусағыммен сүрттім де, «Жүре беріңдер, бәрі дұрыс» дедім. Артыма бұрылғанымда Мақсат пен Василий сыртта болды, оларды ұрып жатты. Бәрі бір минуттың ішінде болды. Не болып жатқанын түсініп те үлгермедік, — деді Нұрмахан Ешанқұлов.
Жәбірленуші шабуыл жасағандардың саны шамамен жеті-сегіз адам болғанын айтты. Оның сөзінше, олар екі топқа бөлінген. Үш-төртеуі Мақсат Көшкенбаевты ұрған, қалғандары Василий Колесниковты күшпен көлікке отырғызуға тырысқан.
Ешанқұлов Toyota Camry көлігін Мақсұт Арысбаев жүргізгенін айтты. Оның беті ашық болған. Қалған ер адамдардың жеке басын жәбірленуші анықтай алмаған. Олардың кейбірі адамның жүзі бейнеленген қара маска таққан.
— Мақсатты басынан ұрып жатқан кезде қолында тапанша бар екенін көрдім. Сол уақытта Василийді үш-төрт адам көлікке қарай күштеп алып бара жатты. Шабуыл жасағандардың кейбірі маска таққан, — деді жәбірленуші.
Ешанқұлов электрик әрі сантехник болып жұмыс істегендіктен, көлігінде пышақ, бұрауыш және басқа да құрал-саймандар алып жүргенін айтты. Колесниковты алып кетпек болған кезде ол Toyota Camry көлігінің алдыңғы сол жақ дөңгелегін пышағымен тескен. Осылайша көліктің қозғалуына кедергі келтірмек болған.
Кейін Ешанқұлов Колесниковты босатуға әрекет жасаған. Арпалыс кезінде ер адамдардың бірін пышақпен ұрып жіберген. Кейін жәбірленуші сотта ол адамды сотталушы Әлихан Ерімбет деп таныған.
— Василийге көмектесіп, шабуылдаушыларды тоқтату үшін жүгірдім. Тапаншаны көріп, қорқып кеттім де, олардың бірін пышақпен ұрдым. Содан кейін маған қарай пышақ ұстаған адам келе жатқанын көріп, шегініп кеттім, — деді ол.
Василий Колесниковты Toyota Camry көлігіне отырғызып, дөңгелегі тесілгеніне қарамастан алып кеткен. Ешанқұлов олардың артынан бармақ болған. Алайда оның Hyundai көлігіне артынан Lexus 570 келіп соғылған.
Осы кезде ауыр жараланған Мақсат Көшкенбаевтың жағдайы нашарлаған. Нұрмахан Ешанқұлов оны ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер зардап шеккен азаматқа бірден медициналық көмек көрсеткен.
«Атуға бұйрық бергенін естідім»: Мақсат Көшкенбаев не айтты
Мақсат Көшкенбаевтың айтуынша, көлік соқтығысқаннан кейін Нұрмахан Ешанқұлов бірінші болып сыртқа шыққан. Ол да не болғанын көру үшін шығуға әрекеттенгенімен, «Оларға ат!» деген айқай естіп, есікті қайта жапқан.
Жәбірленушінің айтуынша, Василий Колесников көліктен шығып үлгерген, кейін қайта салонға отырған. Сол кезде шабуылдаушылардың бірі есікті ашып, оны ескертпестен ұра бастаған.
— Мен артқы есіктен шығып, шабуылдаушының белінен қапсыра ұстап, оны Василийден алыстатуға тырыстым. Сол сәтте артымнан басыма қатты затпен ұрды. Меніңше, ол тапанша болған. Содан кейін маған үш-төрт адам жабылды, — деді Көшкенбаев.
Ол өзі тоқтатуға тырысқан адамды кейін Әлихан Ерімбет деп таныған. Ұрып-соғу кезінде Көшкенбаевтың басын спорттық күртешемен жауып тастағандықтан, қалған шабуылдаушылардың жүзін көре алмаған.
Киімнен босап шыққаннан кейін Көшкенбаев орнынан тұрып, өзіне қарай пышақ ұстаған адамның жүгіріп келе жатқанын көрген. Сотта жәбірленуші ол адамды Мақсұт Арысбаев деп көрсетті.
— Алдымен ол мені қолымен ұрды. Мен қаша жөнеліп, сүрініп құладым. Содан кейін ол мені пышақпен үш рет ұрды. Бір соққы арқама тиіп, өкпемді тесіп өтті, тағы екеуі жарақаттады. Мен жерде жатып, оны тоқтатуды сұрадым, — деді Көшкенбаев.
Оның айтуынша, Арысбаев соққыларын өзі тоқтатқан. Кейін көліктен телефонды алып, жерде жатқан спорттық күртешені көтерген.
Көшкенбаев пышақ жарақатын бірден сезбеген. Оқиға орнында басы айналып, көзі қарауытып кеткен. Ауруханаға бара жатқанда Ешанқұлов оның арқасы қан болғанын айтқан.
Іс материалдарына сәйкес, Көшкенбаевтың кеуде тұсына пышақ жарақаты түсіп, қабырғааралық артериясы мен қабырғалары зақымданған. Жарақаттарының ауыр дәрежеде болғаны анықталған. Жәбірленуші ауруханада шамамен бір ай емделген. Сот отырысында ол әлі де басы ауыратынын айтты.
Көшкенбаевтың пікірінше, шабуылдың негізгі мақсаты Василий Колесников болған.
— Үш-төрт адам бірнеше секунд ішінде Василийді күштеп өз көлігіне отырғызды. Шабуылдаушылардың арасында бетіне танымал адамдардың бейнесі салынған маска таққандар болды. Мен Роналдудың бейнесі бар масканы көріп қалдым, — деді ол.
Көшкенбаев сотта заттай дәлел ретінде алынған маскалардың арасынан сол масканы көрсе, тани алатынын айтты.
Есігі ашық көліктегі қан-жоса болған адам
Сотта куәгер Әсия Усипбаева да жауап берді. Оның айтуынша, 20 қаңтар күні түстен кейін күйеуі және екі баласымен Rahima Plaza сауда орталығынан Нұрсәт шағынауданына қарай келе жатқан.
Назарбеков және Бәйтереков көшелерінің қиылысында олар № 42 автобуспен бірге бағдаршамның қызыл түсіне тоқтаған. Жасыл жанғаннан кейін автобус қозғалған. Ерлі-зайыптылардың көлігі де оның соңынан жүре бастаған.
Осы кезде Бәйтереков көшесінен қарсы бағыттағы жолаққа ақ түсті Toyota көлігі үлкен жылдамдықпен шығып, олардың алдынан өткен. Куәгердің күйеуі көлікті уақытында тежеп, соқтығысудан аман қалған. Toyota көлігінің соңынан қара түсті Lada-14 көлігі жүрген.
— Біреулер жанжалдасып, көліктер бірін-бірі қуып келе жатқан шығар деп ойладым. Қара Lada көлігінің есігі ашық болды. Ішінен бір қара киім желбіреп тұрды. Салонда қанға боялған адам жатты. Оның аяғы ашық есік жақта болды, — деді Асия Усипбаева.
Куәгердің айтуынша, адам көлденеңінен жатқан. Оның пікірінше, артқы орындықта отырған жолаушы оны ұстап отырған болуы мүмкін. Алайда Усипбаева мұны нақты растай алмайтынын айтты.
Әйел көрген жағдайдан кейін бірден 102 нөміріне хабарласып, бір-бірін қуып келе жатқан екі көлік туралы айтқан. Қоңырау шалынған нақты уақытты есіне түсіре алмаған, себебі кейін телефонын ауыстырған. Бұған дейін полиция қызметкерлері қоңыраулар тарихы арқылы бұл деректі тексеріп, жауап алу кезінде тіркеген.
Мәйітті аурухана тұрағына тастап кеткен
Сотта Ордабасы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының қызметкерлерінен де жауап алынды. Василий Колесниковтың мәйіті дәл осы медициналық мекеменің автотұрағына қалдырылған.
Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сырлан Кенжеев сол күні жұмыстан кетуге дайындалып отырғанын айтты. Кабинетінде оған педиатр дәрігер Мақпал Балтабай қоңырау шалып, автотұрақта адамның жатқанын хабарлаған.
Кенжеев шамамен екі минуттан кейін сыртқа шыққан. Мәйіттің жанында ешкім болмаған.
— Ер адам шалқасынан жатты. Бір аяғы екіншісінің үстінде болды. Үстінде спорттық шалбар мен кроссовка бар еді. Ұйқы артериясынан, қолынан және сан артериясынан тамыр соғысын тексердім. Кейін тыныс алмағанына көз жеткіздім. Қолына қол тигізгенімде мұздай болып кеткенін сездім, — деді Сырлан Кенжеев.
Ол тексеруден кейін 102 нөміріне хабарласқан. Мәйіт аурухана ғимаратына кіргізілмеген. Сондай-ақ ер адам науқас ретінде тіркелмеген, себебі оның тірі екенін көрсететін белгілер болмаған.
Хирург Дінмұхаммед Байзуллаев сол күні кезекшілікте болғанын айтты. Оның сөзінше, педиатр дәрігер ортақ WhatsApp тобына автотұрақта ес-түссіз жатқан адам бар екенін және оған көмек қажет екенін жазған.
— Біз сыртқа шыққанда ер адамда биологиялық өлім белгілері қалыптасқан еді. Беті мен денесінде қан болды, киімі жыртылған, аяғының қалпы өзгерген. Есімде қалғаны, денесінің жоғарғы бөлігінде киім болмады. Үстінде тек шалбар қалған, — деді хирург.
Байзуллаев мәйітке бірге бас дәрігердің орынбасары мен кезекші терапевт келгенін айтты. Биологиялық өлім анықталғаннан кейін аурухана қызметкерлері полицияға хабарлаған. Кейін өз жұмыстарына оралған.
Медицина қызметкерлерінің жауаптарында кейбір айырмашылықтар болды. Кенжеев мәйітке бірінші болып өзі барғанын айтты, кейін кім келгенін есіне түсіре алмады. Бас дәрігердің орынбасары марқұмның бетіндегі қан мен көзге көрінетін жарақаттарды байқамаған. Оның айтуынша, марқұмның үстінде футболка болған.
Ал Байзуллаев оның беті мен денесінде қан болғанын, киімінің жыртылғанын және аяғының қалпы өзгергенін айтты. Марқұмның үстіңгі киімі болғанын есіне түсіре алмады.
Екі медицина қызметкері де Василий Колесниковты тексерген кезде оның бойынан өмір белгілері байқалмағанын растады. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген.
Қара Lexus-ті Дархан Қызбалаевқа берген
Сотта 569 мемлекеттік нөмірлі қара Lexus 570 көлігінің иесі, кәсіпкер Қуан Арысбаев жауап берді. Бұл көлік қылмыстық іс материалдарында бар.
Куәгердің айтуынша, оқиғаға бір күн қалғанда Lexus көлігін Дархан Қызбалаевқа берген. Ол сақтандыру полисіне енгізілген және бұған дейін де көлікті бірнеше рет пайдаланған.
— Біз жер телімдерін сатып алып, қайта сатумен айналысамыз. Қаланың шетінде учаскелеріміз бар. Дарханға барып, оларды қарап шығуды тапсырдым. Ол көлікті түстен кейін алып кеткен, — деді Қуан Арысбаев.
Куәгер Lexus көлігінің шабуыл кезінде пайдаланылған болуы мүмкін екенін Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына шақырылғаннан кейін білген.
Оның айтуынша, Қызбалаев кейде оның ауызша тапсырмаларын орындаған. Ал Жанділда Қуандықов, куәгер оны Жахо деп атады, ағаш материалдары нарығында жұмыс істеуге көмектескен. Сотталушылардың көпшілігін куәгер өз ауылынан шыққан адамдар ретінде таниды.
Мақсұт Арысбаев оған жақын туыс болып келеді. Куәгер сотталушыға жақсы мінездеме беріп, бұған дейін оның мұндай әрекетке барғанын байқамағанын айтты.
— Мен болған жағдайға өзім де таңғалдым. Оларға үнемі мұндай іске араласпай, адал еңбекпен ақша табыңдар деп айтатынмын. Оқиғаның себебі әлі күнге дейін мен үшін жұмбақ, — деді Қуан Арысбаев.
Көлікті полиция арнайы тұраққа қойған. Куәгер тексеру кезінде салоннан маска алынғанын көрген. Табылған маскалардың нақты санын есіне түсіре алмады. Көліктен өшірулі телефон, қосымша мемлекеттік нөмірлер және спорттық киім де табылған. Куәгердің айтуынша, қару болмаған.
Арысбаев көлікті тексеруге қатысқан. Оның айтуынша, тексеру оқиғадан екі-үш ай өткен соң жүргізілген. Бір күн бұрын ол полиция қызметкерлеріне қосалқы кілтті берген. Өзі келген кезде Lexus мөрленіп тұрған. Мөр оның көзінше алынып, тексеру барысы видеоға түсірілген.
Көліктің нақты қай жерден табылғанын куәгер білмейді. Полиция қызметкерлері оған Lexus-тің қала аумағынан табылып, эвакуатормен арнайы тұраққа жеткізілгенін айтқан. Көлік әлі күнге дейін иесіне қайтарылмаған.
Колесниковтың әкесі: «Әлі күнге дейін мұны түсіне алмаймын»
Марқұмның әкесі Александр Колесников 20 жылдан астам уақыт Бекзат Саттарханов атындағы интернатта жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Әлем чемпионы әрі түрлі спорт түрлерінен жүлдегер атанған, ал бүгінде зейнет демалысында. Василийдің қаза болғанын оған ұлының досы Данияр Сәрсембаев хабарлаған. Ол кезде марқұмның мәйіті әлдеқашан мәйітханаға жеткізілген еді.
— Ол «Васяны өлтіріп кетті» деді. Кейін мені мәйітті тануға апарды. Ұлымның үстін жауып қойған. Жамылғыны сәл көтерді. Басқа ештеңе көрсеткен жоқ. Бірнеше қан дағын көрдім. Болған жағдайға әлі күнге дейін сене алар емеспін, — деді Александр Колесников.
Әкесі ұлының нақты немен айналысып, қанша табыс тапқанын білмеген. Василий шамамен аптасына бір рет үйіне 35-50 мың теңге әкеліп отырған. Оның тұрақты жұмысы мен табысы болмаған. Александр Колесниковтың айтуынша, ұлы әртүрлі жұмыстар атқарып, өзгелерге көмектескен.
Таныстары әкесіне Василийдің достарына үнемі қолдау көрсеткенін айтқан. Ол ішімдік ішпеген, темекі шекпеген және салауатты өмір салтын ұстанған. Әсіресе мүгедектігі бар кіші туған інісімен жақын қарым-қатынаста болған.
— Ол кіші інісіне әкесінің орнын басты, оны бағып-қағып, үнемі өзімен бірге алып жүретін. Василий ауыр атлетикадан спорт шебері атағын алған, бірақ футболды көбірек жақсы көретін, — деді марқұмның әкесі.
Александр Колесников ұлының жаулары болғанын білмейтінін айтты. Василий бірнеше рет үйге денесінде көгерген іздермен келген, бірақ кіммен жанжалдасқанын айтпаған.
Қайтыс болардан шамамен бір жарым апта бұрын ұлының мінез-құлқы әкесіне алаңдатарлық көрінген. Василий түн ортасында үйден шығып кетіп, күндіз қайтып келетін болған. Бұл уақытта ұлының немен айналысқанын Александр Колесников білмеген. Әкесі сұраған кезде Василий «өзім шешемін» деп жауап берген.
Кешірім туралы даулы мәлімдеме
Сот отырысында қорғау тарапы Александр Колесниковтың атына нотариалды түрде рәсімделген арызды ұсынды. Онда көрсетілгендей, марқұмның әкесі сотталушылардың бірін кешіріп, оған қатысты талап-арызынан бас тартқан. Қай сотталушы екені сотта оқылған үзіндіде айтылмады.
— Іштей өкпем бар. Бәрі аяқталған кезде ол да болмайды. Қалғаны Алланың қалауына және соттың шешіміне байланысты. Олардың әрі қарай не болатынын сот шешеді, — деді Александр Колесников татуласу туралы сұраққа жауап бергенде.
Оған кейін сотта талап-арыздың жоқтығы туралы қол қойылған арыз бар екені айтылды.
— Мұндай арыз жазғаным есімде жоқ, — деді марқұмның әкесі.
Оның мүддесін қорғап отырған адвокат Талғат Есімов бұл құжат туралы бұған дейін білмегенін айтты. Қорғаушы Александр Колесниковтың нотариусқа барған-бармағанын, арызды өз еркімен жазып, мазмұнын түсінген-түсінбегенін тексеру қажет деп санайды.
— Сотта бұл құжат туралы ештеңе білмейтінімді айттым. Менің ұстанымым қатаң. Сотталушыларға ең қатаң жаза тағайындалуын талап етемін. Менің ұстанымым жәбірленушінің пікірінен өзгеше болса да, ешқандай кешірім болмауы керек, — деді Талғат Есімов.
Есімов өзіне қатысты істегі өкілдік қызметін тоқтатуға әрекет жасалуы мүмкін екенін естігенін де айтты. Адвокаттың сөзінше, оның іске қатысуын тек жәбірленуші тарап тоқтата алады.
Бейнежазбаларда не көрсетілді
Алғашқы сот отырысында қылмыстық істің 36 томының төртеуі зерттелді. Процеске қатысушыларға екі бейнежазба көрсетілді.
Бірінші бейнежазбада Василий Колесниковтың Ордабасы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының автотұрағынан табылғаннан кейінгі мәйітін қарау сәті көрсетілген. Этикалық нормаларды ескере отырып, Kazinform марқұмның ауыр жарақаттары бейнеленген кадрларды жарияламайды.
Бейнежазбада аяғының деформацияланғаны, арқасында көптеген қан құйылған іздер және басындағы қанға боялған жарақаттар көрінеді. Қан іздері бар футболкасы мойнына дейін көтерілген. Кроссовкасы, джинсы және спорттық шалбары бөлек жатқан. Оқиға орнынан табылған заттарды мамандар кейін зерттеу үшін пакеттерге салған.
Екінші бейнежазбада ауруханаға көліктің келгені көрінеді. Екі ер адам көліктен Василий Колесниковтың мәйітін шығарып, автотұраққа қалдырған да, бірден кетіп қалған.
Сот процесі қашан жалғасады
Сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіліп жатыр. Сот отырысына судья Әбинұр Қарабаев төрағалық етеді. Прокурор Мұхтар Арыстанов мемлекеттік айыптауды қолдап отыр.
Келесі сот отырысы 8 қыркүйекте өтеді. Сот куәгерлерден жауап алып, қылмыстық іс материалдарын зерттеуді жалғастырады.
Еске салайық, қылмыс 20 қаңтар күні түстен кейін Ерімбетов және Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Көліктер соқтығысқаннан кейін жаппай төбелес басталған. Мақсат Көшкенбаев пышақтан ауыр жараланған. Василий Колесниковты күштеп көлікке отырғызып, Шымкенттен алып шыққан. Кейін оның мәйіті Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы аурухананың автотұрағынан табылған.
Василий Колесниковты ұрлау және өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу 12 маусымда аяқталған.
Алдын ала тыңдау 24 тамызда өткен. Прокурор айыптау актісін жариялаған. Сотталушылардың бірінің қорғаушысы өз ұстанымын білдірген.
Сот процесі ашық режимде өтіп жатқанымен, фото және бейнетүсірілімге шектеу қойылған. Кадрда сотталушылардың, олардың адвокаттарының және түсірілімге қарсылық білдірген куәгерлердің жүздерін көрсетуге болмайды.
Соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін сотталушылардың кінәсі дәлелденген болып саналмайды.