Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарға құмар ойындарға қатысу туралы ұсыныстар жіберген. Қызығушылық танытқан адамдарға арнайы аккаунт ашылып, логин мен құпиясөз берілген. Сондай-ақ ақша аудару үшін банк шоттарының деректемелері жолданған.
Заңсыз ойын бизнесінен түскен ақшаны қабылдау және ұтыстарды төлеу үшін 14 дроппердің атына ашылған банк шоттары пайдаланылған.
Екі онлайн-казиноның жалпы ақша айналымы 3,1 млрд теңгені құраған.
– Қылмыстық жолмен алынған кіріске ұйымдастырушылар 200 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алған. Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza, SsangYong Rexton маркалы автокөліктер, сондай-ақ екі жер учаскесі бар, – делінген агенттік хабарламасында.
Сот үкімімен екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған аталған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Агенттік сот үкімі әзірге заңды күшіне енбегенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент тұрғынының заңсыз онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекет пайдасына 2,8 млрд теңге заңсыз кіріс өндірілгені хабарланған.