Шымкентте заңсыз сатылған 615 құты контрафактілік мотор майы тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте «Toyota» және «Lexus» тауар белгілері бар контрафактілік мотор майын заңсыз сатудың жолы кесілді, деп хабарлайды Шымкент қаласының Әділет департаментінің баспасөз қызметі.

Фото: Шымкент қаласы Әділет департаменті

Ведомство «Toyota» және «Lexus» тауар белгілері құқық иеленушілерінің ресми өкілінің өтініші негізінде мотор майын ауыстыру пункттерінің бірінде жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру барысында аталған тауар белгілерін заңсыз пайдалану фактісі анықталды. Атап айтқанда, контрафактілік өнімді сақтау, сатуға ұсыну және өткізу фактілері белгіленді.

— Бақылау іс-шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан құқық иеленушілердің тауар белгілері заңсыз қолданылған контрафактілік мотор майының 615 құтысы тәркіленді. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, іс материалдары қарау және процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, — делінген хабарламада.

Департамент атап өткендей, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және контрафактілік өнімнің заңсыз айналымына тосқауыл қою әділет органдарының тұрақты бақылауында.

Осыған дейін Қазақстанда 1,6 млн-нан астам мотор майы цифрлық таңбалаудан өткені белгілі болды.