Шымкентте жаңа модульді екі спорт зал ашылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының Қайнарбұлақ және Нұрсәт шағынаудандарында ангар үлгісіндегі модульді екі спорт залдың құрылысы аяқталды. Жаңа нысандар бұқаралық спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріп, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Фото: Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі

Нысандардың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.

Фото: Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі

— Әр шағынауданның тұрғындары тұрақты жаттығып, денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алуы маңызды. Біз спорт нысандарының қолжетімділігіне ерекше назар аудара отырып, қаланың спорт инфрақұрылымын дамытуды жалғастырамыз, — деді Ғабит Сыздықбеков.

Фото: Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, модульді нысандардың құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Жобалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып, мегаполиске сыйлық ретінде беріліп отыр.

Фото: Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі

Спорт залдары баскетбол, волейбол және шағын футбол ойнауға қажет құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер және 50 көрерменге арналған орындар қарастырылған. Сондай-ақ, күн салқын мезгілде жаттығуға қолайлы болуы үшін жылыту жүйелері орнатылған.

Фото: Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі

Осылайша жаңа спорт нысандары тұрғындарға үйіне жақын жерде дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік береді. Бұл бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.