Шымкентте жаңа Опера және балет театрының құрылысы неге басталмай тұр

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте жаңа өнер ордасының құрылысы жобалау-сметалық құжаттама сараптамадан өткеннен кейін қолға алынбақ.

Фото: МИА "Казинформ"

Осыдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысы Шымкентте жаңа Опера және балет театрын салуды тапсырған болатын

Қаладағы қазіргі Опера және балет театрының ғимараты 1984 жылы салынған. 330 орындық нысанның пайдалануға берілгеніне 40 жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде қолданыстағы ғимарат талаптарға сай емес.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жаңа театр құрылысының не себепті кешеуілдеп жатқанын түсіндірді.

Оның айтуынша, жобаны іске асыру барысында бірқатар мәселе туындаған.

— Шымкентте жаңадан салынатын Опера және балет театрының құрылысын «Qazaq Stroy» компаниясы тағы да кідіртіп отыр. Бұған қоса, шешімін күткен бірқатар рәсімдік мәселе бар. Жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамаға енгізілді. Қазір құжаттама сараптамада қаралып жатыр. Оның қорытындысы шыққаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады, — деді қала әкімінің орынбасары.

Бұған дейін Шымкент қаласында жаңа Опера және балет театрын салу үшін әкімдік жалпы аумағы 2,8 гектар жер учаскесін белгілегенін хабарлаған едік. Жобаға сәйкес театрдың көрермен залы 1500 орынға есептелген.