Шымкентте Жаңа жыл түні 20 бала ата-анасынан адасып қалды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Қала аумағында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2000 полиция қызметкері жұмылдырылды.

Фото: polisia.kz

Мерекелік іс-шаралар өткізілген орындарды патрульдеу кезінде полицейлер адасып қалған 20 баланы тауып, ата-аналарына табыстады. Жоғалған балалардың барлығы аман-есен отбасына оралды. Сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Патрульдеу кезінде көлікті мас күйінде басқарған 3 жүргізуші анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қолданылды. 

- Құқық қорғау органдары жаңа жылдық мерекелерде тәртіпті қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде жұмыс істеді. Олардың үйлесімді жұмысының арқасында қала тұрғындары мен қонақтары жаңа жылды қауіпсіз әрі бейбіт жағдайда қарсы алды. Полиция қызметіне жаңа жыл түні 1000-нан астам қоңырау түсті. Тәртіп сақшылары әр шақыртуға жедел әрекет етіп, тиісті шараларды қабылдап отырды. Бұл қала тұрғындарының сенімін арттырып, төтенше жағдайларды уақытылы шешуге мүмкіндік берді, - деді Шымкент қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерғали Сүлейменов.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте жалған құжат жасап, алаяқтықпен айналысқан күдікті іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.