Шымкентте жастар саясаты және балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында жастар саясаты мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін күшейту мақсатында екі жаңа басқарма құрылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, қала әкімінің ұсынысы мен мәслихаттың шешімі негізінде ішкі саясат және жастар ісі басқармасын қайта құру арқылы «Жастар саясаты басқармасы» жеке құрылым ретінде бөлініп шығады. Сондай-ақ, балалардың құқықтарын қорғау, буллингтің алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық мәселелерін жүйелі шешу үшін «Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы» құрылатын болды. Бұл жаңа құрылым білім басқармасынан бөлініп, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімін өз қарамағына алады.
– Бұл бастама жастар саясатын алға ілгерілету мен бала құқықтарын қорғауда нақты нәтижелер береді деп сенеміз. Жалпы басқармаларды құруға шамамен 2–2,5 ай уақыт қажет. Жаңа жылға дейін барлық ұйымдастыру жұмысы толық аяқталады, – деді Сәрсен Құранбек.
Ресми дерек бойынша, Шымкентте 14 пен 35 жас аралығында 400 мыңға жуық жас бар, бұл екі Ұлытау облысының халқы шамалас. Қаладағы балалар саны 520 мыңға жетіп, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен теңеседі.
– Осы көрсеткіштер жастар ісі және бала құқығын қорғау бағытында жеке басқармалардың қажеттілігін айқындап отыр. Жаңа құрылымдар қосымша штат ашпай-ақ, әкімдікке бекітілген кадрлық шектің шеңберінде жұмыс істейді, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, Сәрсен Құранбек қалалық білім басқармасының басшысы өз өтінішімен қызметінен кеткенін, ал ішкі саясат және жастар ісі басқармасының басшысы бала күтіміне байланысты демалыс алғанын хабарлады.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкенттегі «Кең баба» саябағы түпкілікті мемлекет меншігіне өткенін жазған болатынбыз.