Шымкентте жер иесі сот арқылы әкімдіктен 83 млн теңге өтемақы өндірді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Жер учаскесінің иесі сот арқылы алынған жері үшін төленетін өтемақыны екі есеге жуық арттыруға қол жеткізді. Әкімдік ұсынған 46 млн теңгенің орнына сот Жер қатынастары басқармасына 83 млн теңгеден астам өтемақы төлеуді міндеттеді.

Фото: Kazinform

Талап қоюшының меншігінде 0,19 гектар жер учаскесі болған. Шымкент әкімдігі оны мемлекеттік қажеттілік үшін алып қою туралы қаулы қабылдап, 46 млн теңге көлемінде өтемақы ұсынған.

Алайда меншік иесі бұл соманы төмен деп санап, төлемді қабылдаудан бас тартқан. Кейін әкімдік сот арқылы жерді мәжбүрлеп алып қоюды рәсімдеуге тырысқан, бірақ іс өндірісі қараусыз қалдырылған. Осыдан кейін билік органдары жерді алып қою рәсімін толық аяқтамаған.

Соған қарамастан, жер іс жүзінде пайдалануға алынған. Учаске аумағынан жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолы салынған. Бірақ жер иесіне өтемақы төленбеген.

Сот құрылыс-техникалық сараптама тағайындады. Сарапшылар жер учаскесінің нарықтық құнын 83 млн теңгеден астам деп бағалады.

– Соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылды. Шымкент қаласының Жер қатынастары басқармасы талап қоюшыға тиесілі мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесіне 83 419 500 теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді, – деп хабарлады қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сот.

Сот сондай-ақ жеке ұйғарым шығарып, оны Шымкент әкіміне жолдады. Құжатта жерді алып қою кезінде заңбұзушылықтар болғаны көрсетілген.

– Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға жататын жер учаскесін алу және өтемақы төлеу құзыретті мемлекеттік орган тарапынан заңда белгіленген тәртіппен жүргізілуі тиіс, – деп түсіндірді сотта.

Сот анықтағандай, жер учаскесі 2020 жылы алынған. Алайда осы уақытқа дейін билік органдары мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімін заң талаптарына сай аяқтамаған.

Бұл меншік құқығын бұзу деп танылып, Жер қатынастары басқармасына жер иесіне өтемақы төлеу міндеті жүктелді.

Сот шешімі мен жеке ұйғарым заңды күшіне енді.

Бұдан бұрын Шымкентте әкімдіктің 10 жыл бұрын қабылдаған заңсыз шешімі сот арқылы күшін жойғанын жазған едік.