Шымкентте жеткізуші марқұм болған дәрігердің қолы қойылған санитарлық қорытындыны ұсынған
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің Жоғарғы соты Шымкенттегі мемлекеттік сатып алу бойынша өткен конкурс нәтижесін жойды. Оған себеп конкурс жеңімпазы құжат берілгенге дейін қайтыс болған дәрігердің қолы қойылған санитарлық қорытындыны ұсынған.
2024 жылы Шымкент қаласының Мемлекеттік сатып алу басқармасы мектепте балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетуге конкурстың қорытындысы туралы хаттама жариялаған. Жеңімпаз болып 22 ұпай жинаған жеке кәсіпкер Е. танылса, ал осыншама ұпай жинаған жеке кәсіпкер Б. екінші орынға ие болған.
Жеке кәсіпкер Б. байқаудың қорытындысына ықпал ететін жалған ақпарат бергендіктен, байқау жеңімпазына аз ұпай беру керек деп есептеп, сотқа шағымданған.
МАӘС-ы және апелляция талап қоюды қанағаттандырған.
Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы істі қарай отырып, жергілікті соттың байқау қорытындылары туралы даулы хаттама заңсыз және күші жойылуға жатады деген тұжырымдарымен келісті.
— Осылайша, қоғамдық тамақтануды ұйымдастыру қағидаларының 72-тармағының талаптарына сәйкес біліктілік талаптары бойынша жалған ақпарат беру фактісі анықталған жағдайда әлеуетті өнім беруші байқауға қатысуға жіберілмейді. Бұл ретте, қағидалардың 7-қосымшасына ескертпеге сәйкес әлеуетті өнім берушілер санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды қоса бере отырып, қоғамдық тамақтану объектісіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерімен жұмыс тәжірибесін растайды, — деп түсіндірді Жоғарғы соттан.
Жеке кәсіпкер Е. еңбек өтілін растау үшін 2015 жылғы 26 наурыздағы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысын ұсынған. Алайда, сотта анықталғандай, қорытындыға қол қойған бас санитарлық дәрігер 2014 жылғы 12 қарашада қайтыс болған. Сонымен қатар, уәкілетті органдардың жауабынан мұндай санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының берілмегені анықталды.
Жоғарғы сот жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру жөніндегі қорытындылары заңдылық пен әділдік қағидаттарына сәйкес келетінін айтып, іс бойынша шығарылған сот актілерін күшінде қалдырды.
Айта кетейік, Жоғарғы соттың биыл сәуірдегі есебі бойынша жыл басынан бері қылмыстық істер саны артқан.