Шымкентте жыл басынан бері 4 бала терезеден құлаған

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Балалардың терезеден құлауына байланысты тіркелген барлық оқиға ересектердің салғырттығынан болған.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі, азаматтық қорғау капитаны Асқар Шәріптің айтуынша, 2026 жылдың басынан бері қала аумағында балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен құлауына байланысты 4 оқиға тіркелген.

— Оның екеуінде балалар оқиға орнында көз жұмды, тағы екі бала жарақаттанды. Барлық жағдай ата-аналардың немесе ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы және пәтер терезелерінің ашық болуы салдарынан болған, — деді спикер.

Департамент мәліметінше, өткен жылы Шымкентте осындай 5 оқиға тіркелген. Салдарынан 3 бала қаза тауып, 2-і жарақаттанған.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында 113 рейд ұйымдастырылып, тұрғындарға 3330 жадынама таратылды. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің терезелеріне 53 қорғаныш бекіткіші (блокиратор) орнатылған.

Асқар Шәріптің сөзінше, балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алу үшін дыбыс зорайтқыш құрылғымен жабдықталған дрондар да пайдаланылып жатыр.

— Бұл тәсіл арқылы тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жөнінде ескерту хабарламалары жеткізіледі. Әсіресе көпқабатты үйлерде тұратын ата-аналардың назарын балаларды қараусыз қалдырмау және терезелерге қорғаныс құралдарын орнату қажеттілігіне аудару көзделген, — деді ол.

Бұған дейін Шымкентте ішінде жолаушысы бар лифтінің 12-қабаттан құлап кеткені туралы хабарлаған едік