Жаңартылған тарифтер 1 қазаннан бастап күшіне енді. Тиісті бұйрыққа Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Кенжеболат Көшекбаев 30 қыркүйекте қол қойған. Құжатта «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және жабдықтау қызметтеріне арналған жаңартылған тарифтер белгіленген.
Заңды тұлғалар мен кәсіпорындар үшін жылу энергиясының орташа босату тарифі қосылған құн салығын (ҚҚС) қоса есептегенде, бір гигакалорияға 23 405,70 теңге болып белгіленді. Жылу есептегіші орнатылған нысандар үшін тариф 20 427,74 теңге болса, есептегіші жоқ нысандар үшін 43 910,48 теңгені құрайды.
Шымкенттегі бюджеттік ұйымдар үшін жылу энергиясының орташа босату тарифі ҚҚС-ты қоса есептегенде, бір гигакалорияға 128 660,07 теңге болып бекітілді. Есептегіші бар ұйымдар үшін тариф 125 753,73 теңге, ал есептегіші жоқ ұйымдар үшін 165 076,62 теңге болды.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тұрғындар үшін тарифтер бұрынғы деңгейде қалғанын растады.
Тұрғындар үшін жылу энергиясының орташа босату тарифі ҚҚС-ты қоса есептегенде, бір гигакалорияға 7 456,61 теңгені құрайды. Үйге ортақ жылу есептегіші орнатылған көпқабатты үйлерде тариф бір гигакалорияға 4 956,34 теңге болса, есептегіші жоқ үйлерде 9 748,83 теңге болып белгіленген.
Үйге ортақ жылу есептегіші жоқ үйлерде төлем шаршы метр бойынша да есептеледі. Қарашада бір шаршы метр үшін 154,04 теңге, желтоқсанда 210,57 теңге төленеді. Тозығы жеткен үйлер үшін бөлек тариф қарастырылған. Мұндай үйлерде қараша айындағы тариф бір шаршы метрге 117,81 теңге, желтоқсанда 161,07 теңге болады.
Ыстық судың тарифі де өзгерген жоқ. Есептегіші бар үйлерде ыстық судың бір текше метрі 380,81 теңге тұрады. Ал есептегішсіз, бекітілген норматив бойынша есептегенде, төлем бір адамға айына 1 218,59 теңгені құрайды.
Тозу деңгейі жоғары үйлердің тұрғындары үшін де бөлек тарифтер белгіленген. Есептегіші бар жағдайда ыстық судың бір текше метрі 291,27 теңге болса, есептегішсіз төлем бір адамға айына 932,07 теңге болады.
Бекітілген тарифтер 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
Еске салайық, Шымкентте жылу мен ыстық су үшін тұтынушылардың жалпы берешегі 821,8 млн теңгеге жеткен. «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің мәліметінше, оның 416,5 млн теңгесі заңды тұлғаларға, ал 405,3 млн теңгесі тұрғындарға тиесілі.