Шымкентте жол ережесін бұзған депуатат әкімшілік жауапкершілікке тартылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде «777» деген нөмір таққан «Lexus LX 570» көлігінің жүргізушісінің жол қозғалысы ережесін бұзғаны тарады.
Бейнежазбада көліктің қарсы қозғалыс жолағында тұрғаны, ал жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздік белдігін тақпағаны анық көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, рөлде Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев болған.
Шымкент қалалық полиция департаменті құқықбұзушылық фактісін растады.
– Полиция жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушіні анықтады. Тексеру барысында оның жалған тіркеу нөмірлерімен көлік жүргізгені, қарсы қозғалыс жолағымен жүргені, міндетті сақтандыру құжатының болмағаны, қауіпсіздік белдігін тақпағаны, тыйым салынған жерлерде кері бағытта қозғалғаны белгілі болды. Осылайша ол ҚР ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаменті.
Құқықбұзушының көлігі айып тұрағына қойылды.
– Жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Ел азаматтарын ережелерді қатаң сақтауға шақырамыз, себебі бұл жолдағы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді, - деп қосты полиция өкілдері.
Сондай-ақ Түркістан облысында Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оған жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны үшін сөгіс берілді.
– Бүгінде әлеуметтік желілерде Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты, AMANAT партиясының мүшесі Ерғали Аманбаев жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны туралы ақпарат таралып жатыр. Жасаған құқық бұзушылықтардың сипатын ескере отырып, AMANAT партиясы Бәйдібек аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының шешімімен, аудандық партиялық бақылау комиссиясының ұсынысы бойынша Ерғали Аманбаев «сөгіс» түрінде партиялық жауапкершілікке тартылды. Жалпы, AMANAT партиясы депутаттардың партия Жарғысын, сондай-ақ партия мүшесінің Әдеп кодексін сақтауын мұқият қадағалайтынын атап өткен жөн, - деді AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкент әкімдігі сәулет басқармасының басшысы ұсталғанын растағанын жазған болатынбыз.