Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Жеңіс Мақұлбаевтың айтуынша, қазіргі таңда қаладағы алты кәсіпорынның 66 жұмыскеріне 68,8 млн теңге көлемінде жалақы берешегі бар.
– Осыған байланысты еңбек инспекторлары тиісті жұмыстар жүргізіп, жұмыс берушілерге нұсқамалар берді. Алайда берешек белгіленген мерзімде өтелмегендіктен, оны мәжбүрлеп өндіріп алу үшін құжаттар сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданды, – деді Жеңіс Мақұлбаев.
Департамент мәліметінше, банкроттық рәсімі қолданылған төрт кәсіпорында 37 жұмыскерге 58,1 млн теңге жалақы төленбеген.
Атап айтқанда, «Феб строй» ЖШС-інде екі жұмыскерге 34,1 млн теңге, «Шымкент Құрылыс» ЖШС-інде 33 жұмыскерге 11,7 млн теңге, «TURAN ENERGO» ЖШС-інде бір жұмыскерге 3,4 млн теңге және «Перспектив Строй» ЖШС-інде бір жұмыскерге 8,9 млн теңге жалақы берешегі өтелмеген. Қарызды өтеу және өндіріп алу бойынша мемлекеттік кірістер органдары тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар қала аумағында жыл басынан бері 20 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, 31 жұмыскер зардап шеккен.
– Оның ішінде үш адам жұмыс орнында қаза тауып, 16 адам ауыр, 12 адам жеңіл жарақаттанды. Барлық оқиға бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп, оның қорытындысында рәсімделген материалдар тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды, – деді департамент басшысы.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын бұзудың сегіз фактісі тіркеліп, нәтижесінде екі әкімшілік айыппұл салынды.
Бұған дейін Шымкентте 35 жұмыскерге 45,8 млн теңге жалақы берешегі барын хабарлаған едік.