Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайына газ қашан жетеді
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Қайнарбұлақ саяжайына газ қашан тартылатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайының халқы табиғи газды күтіп жүргеніне бірнеше жыл болды. Алайда құрылысы 2022 жылы басталған жобаның биыл да бітпей қала ма деп тұрғындар алаңдаулы. Табиғи газ қашан беріледі?» деп сұрады журналист.
Әкімнің айтуынша, аталмыш саяжай тұрғындары көгілдір отын игілігіне келесі жылдың күзіне қарай қол жеткізуі мүмкін.
«Бұл мәселені білем. Жуықта Қайнарбұлақ елді мекеніне бардым. Ол жерде бір жағында — Қайнарбұлақ елді мекені, екінші жағында — Қайнарбұлақ саяжайы орналасқан. Бір жағындағы 600-ге жуық үйге газ тарту жұмысы 2022 жылдың соңында басталған. Биыл белгілі бір себептерге байланысты ол жұмыс аяқталмай отыр. Жалпы біздің жоспар бойынша 2024 жылдың тамыз айында толық іске қосамыз деп отырмыз», — деді әкім.