Шымкенттегі Президент резиденциясы дарынды балаларға арналған орталыққа айналады

Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Президент резиденциясы жаңа оқу жылынан бастап дарынды балаларға арналған лагерь ретінде жұмысын бастайды. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тамыз педагогикалық кеңесінде айтты.

Қала әкімінің айтуынша, бұл бастама – Мемлекет басшысының жастарға деген қамқорлығын іске асыра отырып, еліміздің келешек көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Лагерь жыл бойы тұрақты қызмет етеді. Әр ауысымда 50-60 бала қамтылып, жылына 2 500-ге жуық жас дарын ерекше бағдарламамен тәрбиеленеді.

Заманауи жабдықтар қойылып, қауіпсіздік талаптары толық қамтамасыз етіледі және барлық қажетті жағдай жасалады. Сонымен қатар мұнда жатын бөлмелері, оқу және мәдени залдары, спорт алаңдары, экологиялық таза аула, кітапхана мен медпункт қарастырылған.

Лагерьде олимпиада жеңімпаздары, үздік оқушылар, өнертапқыштар мен ғылымға құштар және мәдениет пен өнерде ерекше жетістіктері бар балалар бас қосып, шеберліктерін ұштауға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Мемлекет басшысы Шымкент әкіміне қаланың дамуына қатысты нақты міндеттер жүктегенін жазған болатынбыз.