Шымкенттегі түзеу мекемесінде сотталғандар тігін, жиһаз және өзге өндіріс салаларына тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандарды еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстар күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды прокуратура.

Фото: Kazinform

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында сотталғандардың түзелуіне және қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.

Осы бағытта Мамандандырылған прокуратураның бастамасымен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №55 мекемесінде жаңа өндірістік алаңдар ашылып, кәсіпкерлермен бірлескен жобалар іске асырылып жатыр.

– Қазіргі таңда мекемедегі еңбекке жарамды сотталғандардың басым бөлігі ақылы еңбекпен қамтылған, – делінген хабарламада.

Атап айтқанда, «Швейный мир КDМ» ЖШС тігін өндірісін іске қосқан. Жеке кәсіпкер «Дециев» жиһаз өндіру цехының жұмысын жолға қойса, «Мир парк» ЖШС балалар ойын алаңдарын өндіру және орнату жобасын жүзеге асыруда. Ал «Дана» жеке кәсіпкерлігі құс өсіру бағыты бойынша өндірістік жұмыстар ұйымдастырған.

Бұл жобалар сотталғандардың еңбек дағдыларын жетілдіруге, кәсіби тәжірибе жинауына және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді.

Сотталғандарды еңбекпен қамту және жаңа өндірістік орындар ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Айта кетейік, Қазақстандағы түзеу мекемесінде жазасын өтеуші 5000-нан астам кітап оқыған.