Шымкенттен 600-ге жуық адам жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшті

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкенттен еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударушылардың қатары артып келеді. Жыл басынан бері қаладан 143 отбасы, яғни 586 адам басқа облыстарға көшкен.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың 8 айында қоныс аударғандардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарын таңдаған.

Атап айтқанда, Павлодар облысына – 44 отбасы, 167 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 49 отбасы, 226 адам, Қостанай облысына – 16 отбасы, 62 адам, Қарағанды облысына – 2 отбасы, 8 адам, Абай облысына – 2 отбасы, 9 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 28 отбасы, 105 адам, Ұлытау облысына 2 отбасы, 9 адам қоныстанған.

Жаңа өңірге көшкендердің 336-сы балалар болса, 170-і – еңбекке қабілетті азаматтар, 80-і – үй шаруасындағылар.

Шымкент қалалық еңбек мобильділігі орталығының директоры Бағдат Арқабаевтың айтуынша, ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі.

– Бұдан бөлек, қоныс аударған өңірлерде кәсіпкерлер тарапынан демеушілік көмек көрсетіледі. Кейбір өңірлерде мал берілсе, енді бірінде жер телімі бөлінеді. Бұл азаматтарға егін егіп, кәсібін дамытуға мүмкіндік береді, – деді Бағдат Арқабаев.

Оның айтуынша, 2025 жылы климаттық жағдайға байланысты бір отбасы Шымкентке оралған. Биыл әзірге мұндай жағдай тіркелмеген.

Бұған дейін Түркістан облысынан 2026 жылдың басынан бері бағдарлама аясында 288 отбасы, яғни 1322 адам көшкенін жазған едік.