Шымкенттік емші қинаған асыранды балалардың қазір қайда екені белгілі болды

Фото: Фото: Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. Шымкентте жергілікті емші асырап алып, әбден қорлаған балаларға қатысты сот шешімі шықты.

Қалалық соттың мәліметінше, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ұ.Сманов пен жұбайына бір ұл мен бір қызды асырап алуға беру туралы 2021 және 2023 жылы шыққан сот шешімінің күші жойылған. 2 шілдеде кәмелет жасына толмаған екі балаға қатысты шешім шықты. Нәтижесінде асырап алуға берілген жасөспірім ұл Шымкенттегі балалар үйінің, ал бүлдіршін қыз қаладағы бөбектер үйінің тәрбиесіне берілді.

Аталған сот шешімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, емшіге қамқорлыққа берілген төрт баланың ішінде 2019 жылы туған ұл бала Шымкенттегі балалар үйінің қамқорлығына берілген. 2021 жылы дүниеге келген егіз ұл мен қыз Астана қаласының мамандандырылған бөбектер үйіне жеткізілген. 2020 жылы туған ұл бала Шымкенттегі бөбектер үйіне тапсырылған. 

Бұған дейін 6 баланы қорлаған емшінің әйелінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқаны белгілі болды.

Шымкентте жергілікті емшінің 6 баланы асырап алып, оларға ит пен мысықтың етін бергенін, үш жылдан бері азаптап келгенін жазған болатынбыз. Кейінірек емші туралы тың дерек шықты.

Емші ісінен соң білім саласының бірқатар қызметкері жазаланды. Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар балалардың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.

Бұдан өзге Kazinform редакциясына емші асырап алған балалар туралы тың дерек келіп түсті. Ондағы мәліметте бүлдіршіндердің бірі аталған отбасыға небәрі 1,5 айлығында қамқорлыққа берілгені көрсетілген. Қамқорлыққа берілген балалардың арасында үш айлық егіздер де бар.

Балалардың бірінің әжесі Өскеменде тұратыны белгілі болды. Ол Kazinform тілшісіне берген сұхбатында жиен немересі асырауға қалай берілгенін айтып берді.

Астана қалалық Білім басқармасына емшінің қамқорлығына берілген егіз балалар елордаға қайтарылатынын айтты.

Қоғамдық резонанс тудырған іс сотқа келіп түсті.

Көп ұзамай асырап алған балаларын қорлады деген айып тағылып отырған емшінің ісін қарайтын судья белгілі болды.

ІІМ Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында асырап алған алты баланы азаптады деген күдікке ілінген емшінің мамандандырылған ауруханада жатқанын айтты.

Ал Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитеті шымкенттік емші ақыл-есі сау деген құжат өткізгенін мәлімдеді.

Асырап алған балаларын қорлаған емшінің 31 жыл бұрын адам өлтіргені расталды.

Емшінің адвокатының айтуынша, ол психикалық ауытқуына байланысты 1995 жылдан бері есепте тұрған. Оған шизофрения диагнозы қойылған.

Ұ.Смановқа қатысты іс Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот актісімен емші психикалық ауытқуына байланысты есепте тұрғандықтан жазадан құтылды. Оған мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.