Шымкенттік полицей өмірін қатерге тігіп, қауіпті жүргізушіні тоқтатты
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Полиция қызметкері өз өмірін қатерге тігіп, жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіні тоқтатты. Агрессивті жүріс-тұрыс белгілері жасанды интеллектке негізделген цифрлық жүйе арқылы анықталған.
Полиция қызметкерлері Daewoo Nexia маркалы көлікті тоқтату үшін заңды талап қойғанымен, жүргізуші бағынудан бас тартқан. Ол көлікті тоқтатқандай кейіп танытып, полицейлер тексеруге жақындаған сәтте, қайтадан газға басып қашып кеткен.
Осы сәтте полицейлердің бірі көліктің капотына мініп үлгерген. Алайда, жүргізуші оны елеместен, жоғары жылдамдықпен жүре берген. Тек біраз уақыттан кейін ғана тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, күдіктіні ұстады.
— Аталған дерек бойынша билік өкіліне күш қолдану фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру шеңберінде полицейлердің өмірі мен қауіпсіздігіне қол сұққандарға жаза бұлтартпай қолданылады. Мұндай әрекеттер аса қауіпті қылмыс ретінде бағаланады, - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің ақпаратында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте психикалық орталықта емделушілерді зорлағандар 15 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.