Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы жеке меншік инвесторға беріледі

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Бүгінгі таңда «Ордабасы» футбол клубын жекешелендіру бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Фото: «Ордабасы» футбол клубы

Осыған қатысты бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пікір білдірді.

– Еліміздің бірқатар өңірінде футбол клубтары жеке меншікке өтті. Біз де қазіргі уақытта бірнеше инвестормен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселе ұзаққа созылмайтынына сенімдімін. Мүмкіндігінше тез шешуге тырысамыз. Әзірге инвесторларды атай алмаймын. Келісімге қол жеткізілгеннен кейін бұл туралы нақты жариялаймыз, – деді қала әкімі.

Бұдан бұрын Қарағанды футбол клубы жеке меншікке өткенін жазған едік.