Шынар Құмарова: Телерадиокешендегі қызмет – еңбек жолымдағы ең жарқын кезең

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Телерадиокешенінде жиырма жылға жуық еңбек еткен заңгер, мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Шынар Құмарова ірі медиахолдингтің қалыптасуы мен дамуындағы маңызды өзгерістердің куәсі болды.

Фото: Шынар Құмарованың жеке архивінен

Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында ол шығармашылық ұжымның нәтижелі әрі сапалы еңбек етуіне құқықтық қолдаудың қалай ықпал ететінін әңгімеледі.

ТРК – шығармашылық пен жауапкершілік тоғысқан орта

Шынар Бағдатқызы Құмарова Президент Телерадиокешеніне 2006 жылдың ақпан айында заң кеңесшісі қызметіне қабылданған. Ол жылдары мекемеде құқықтық қызмет толық қалыптаспағандықтан, көптеген ішкі рәсімдер мен құжаттарды жүйелеуге және жаңадан әзірлеуге тура келген.

— Алғашқы әсерім ең алдымен осы ортаның ерекше болмысымен байланысты болды: бір жағынан, мемлекеттік басқару жүйесіне тән тәртіп пен жоғары талаптар болса, екінші жағынан, шығармашылық пен еркін ойға толы қайнаған орта бар еді. Мұнда шешімдердің жедел қабылданатыны және әр қызметкердің өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтыны сүйсінтті. Бұл кезең мен үшін үлкен өмір мектебіне айналды. Аз уақыттың ішінде медиа саласын реттейтін құқықтық тетіктер мен заңнаманың нәзік тұстарын жан-жақты меңгеруге мүмкіндік туды. Сол сәтте Телерадиокешеннің қарапайым ұйым емес, ел тарихын құжаттар мен бейнемұрағаттар арқылы сақтап, келер ұрпаққа жеткізетін маңызды ұйым екеніне көзім жетті, – дейді Шынар Құмарова.

Медиахолдингтің әрбір қызметкері атқаратын лауазымына қарамастан үлкен жауапкершілік жүгін арқалайды. Өйткені контент сапасы, аудиторияның сенімі мен компанияның беделі осыған тікелей байланысты. Бұл жауапкершілік журналистер мен режиссерлердің шығармашылық еңбегімен ғана шектелмейді. Медиаөнімнің құқықтық, ұйымдастырушылық және технологиялық негізін қалайтын техникалық мамандардың, заңгерлердің, редакторлар мен әкімшілік қызметкерлердің кәсіби әрі дәл жұмысы да айрықша маңызды. Сондықтан түпкі нәтиже әрбір қызметкердің еңбегінен құралады. Телерадиокешеннің ондаған жыл бойы жоғары кәсіби деңгейін сақтап, табысты медиахолдинг ретінде қалыптасуының сыры да осында.

Әр істің өз маңызы бар

Телерадиокешенге дейін Ш. Құмарова заңгердің жұмысы байыппен атқарылатын, мұқият әрі асығыстыққа жол бермейтін мамандық деп ойлайтын. Алайда медиа саласында бәрі басқаша болып шықты — мұнда журналистермен, режиссерлермен, операторлармен және бүкіл шығармашылық ұжыммен бір қарқында жұмыс істеуге тура келді.

Фото: Шынар Құмарованың жеке архивінен

— Контент әзірленіп жатты, түсірілімдер бірінен соң бірі өтіп жатты, түрлі міндеттер қатар шешімін тауып жататын, — деп еске алады ол.

Қарбалас жұмыс пен жауапты міндеттер оны қаймықтырған жоқ. Керісінше, қызметінің алғашқы жылдары заң қызметі алдына жедел әрі нақты шешімді талап ететін маңызды міндеттер қойылды. Ол кезеңде ұйымның ішкі құқықтық жүйесі енді қалыптасып жатқандықтан, көптеген маңызды құжаттарды жаңадан әзірлеуге тура келді. Атап айтқанда, жұмыс тәртібін реттейтін құжаттар, түрлі ережелер, авторлық шарттар мен басқа да құқықтық актілер дайындалды.

Мұның бәрі Телерадиокешен қызметінің ашық әрі заң талаптарына сай жүргізілуін қамтамасыз етуге, шығармашылық ұжым мен бүкіл медиахолдингтің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне берік негіз қалауға бағытталды.

Кейіпкеріміз Телерадиокешеннің басты құндылығы – күн сайын сапалы медиаконтент жасауға атсалысып жүрген мамандар деп есептейді. Оның айтуынша, ең күрделі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ерекше ортаны ұжымның өзі қалыптастырады.

— Мен үшін Телерадиокешен ұжымы – кәсібилік пен шығармашылық қуат тоғысқан біртұтас орта. Егер оны өзге медиақұрылымдардан ерекшелендіретін қасиетті айтсам, бұл – аса жоғары жауапкершілік пен қателікке жол бермейтін талапшылдық, — дейді Шынар Құмарова.

Оның пікірінше, дәл осындай көзқарас пен мамандыққа адалдық – ұжымның жылдар бойы жоғары сапа стандарттарын сақтап, аудитория сенімін ақтап келе жатқанының басты кепілі.

Жаңарған құрылым, жаңа міндеттер

Жиырма жылда Телерадиокешен ауқымды даму кезеңінен өтті. Технологиялық жаңғырумен қатар ұйым құрылымында да елеулі өзгерістер өтіп, бұл процестер жан-жақты құқықтық сүйемелдеуді талап етті.

— Менің басты міндетім – Телерадиокешеннің медиахолдингке айналу кезеңінде және ұйымның құқықтық мәртебесі өзгерген барлық жұмыс процестерінің бір сәтке де кідірмей, заң талаптарына толық сай жүргізілуін қамтамасыз ету болды, — дейді кейіпкер.

Осы кезеңде заң қызметінің жұмысы да айтарлықтай өзгерді. Бұрын дәстүрлі теленарық өнімдерін әзірлеу процестерін құқықтық тұрғыдан сүйемелдеуге баса мән берілсе, бүгінде мамандар мүлде жаңа деңгейдегі міндеттермен айналысады.

— Бұл өзгерістер заң қызметінің жұмыс ауқымы мен мазмұнын түбегейлі өзгертті. Алғашында біздің міндетіміз негізінен контент әзірлеу процесі мен негізгі шарттарды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету болса, бүгінде Телерадиокешен көпсалалы әрі қуатты медиахолдингке айналды. Соған сай менің және әріптестерімнің алдына бұрынғыдан да күрделі, ауқымды міндеттер қойылып отыр, — дейді Шынар Құмарова.

Шығармашылық ұжымның құқықтық тірегі

Бүгінде Телерадиокешен журналистерді, режиссерлерді, операторларды, продюсерлерді, инженерлерді және өзге де көптеген маманды біріктірген ірі медиақұрылымға айналды. Шынар Құмарованың айтуынша, осындай үлкен ұжымның тұрақты әрі үйлесімді жұмысы нақты жолға қойылған ішкі тәртіп пен өзара сенімге негізделеді.

Фото: Шынар Құмарованың жеке архивінен

— Мұндай ауқымды шығармашылық ұжымның бір ырғақпен, іркіліссіз жұмыс істеуі бірнеше маңызды факторға байланысты. Соның ең бастысы — құқықтық және ұйымдастырушылық жүйенің берік болуы. Заңгер ретінде бір нәрсеге анық көзім жетті: барлық жұмыс процесі реттеліп, қажетті шарттар уақытылы рәсімделіп, әр қызметкердің құқығы қорғалғанда журналистер, режиссерлер, операторлар және өзге де мамандар әкімшілік мәселелерге алаңдамай, бар күш-жігерін шығармашылық жұмысқа жұмсай алады, — дейді ол.

Оның пікірінше, табыстың тағы бір маңызды құпиясы — ұжым ішіндегі сыйластық пен сенім. Жылдар бойы қатар еңбек еткен адамдар арасында ерекше түсіністік пен жайлы орта қалыптасады.

— Арқа сүйер сенімді командаңның бар екенін сезіну ең күрделі сәттердің өзінде жігер береді әрі алға жетелейді, — дейді Шынар Құмарова.

Телерадиокешен тағдырымның бір бөлігіне айналды

Жылдар өте Телерадиокешен кейіпкеріміз үшін кәсіби тұрғыда шыңдалатын орын ғана емес, өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

— Бүгінде Телерадиокешендегі жұмыс мен үшін осы ұғымдардың бәрін тоғыстырған, тағдырыммен біте қайнасқан құндылыққа айналды. Бұл – жиырма жылда маған кез келген жағдайға бейімделуді, сабыр сақтауды және ең күрделі мәселелердің заң аясындағы шешімін табуды үйреткен өмір мектебі. Бұл – Телерадиокешеннің даму жолымен бірге өсіп, кәсіби тұрғыдан қалыптасқан мамандығым. Сонымен қатар бұл – үлкен жауапкершілік жүктейтін миссия. Медиахолдинг атқарып отырған міндеттердің ауқымын және оның тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етудегі өз үлесіңді сезінген сайын ортақ істің маңызын тереңірек түсіне бастайсың, — дейді Шынар Құмарова.

Фото: Kazinform

Ол бүгінде жинақталған тәжірибені сақтап қана қоймай, оны Телерадиокешеннің келешегін қалыптастыратын жас мамандарға жеткізудің де ерекше маңызды екенін айтуда.

Болашаққа бағдар

Медиахолдингтің келешегі туралы сөз қозғаған Шынар Құмарова жаңа технологиялар медиа саласын одан әрі өзгертетініне сенімді. Алайда қандай өзгеріс болса да, сапа, шынайылық және қоғам алдындағы жауапкершілік секілді басты қағидаттар өзгеріссіз қалмақ.

Оның пікірінше, Телерадиокешеннің болашағы үздіксіз дамумен, технологиялық жаңарумен және қалыптасқан құндылықтарды сақтай білумен тығыз байланысты.

— Телерадиокешендегі еңбек жолын енді бастап жатқан жас әріптестеріме ең алдымен өз ісін шын жүректен сүюді тілер едім. Өзгеріске бейім, батыл әрі ізденімпаз болыңыздар. Сонда бұл ұжымдағы еңбек жолы кәсіби өмірлеріңіздегі ең жарқын кезеңдердің біріне айналады. Өз жұмыстарыңызға тек міндетті орындау деп емес, ел тарихын жасауға қосылған үлес ретінде қараңыздар, — деп түйіндеді Шынар Құмарова.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені — Қазақстандағы ең ірі медиакомпаниялардың бірі. Ол контент жасау, өңдеу және тарату жұмыстарын толықтай өзі атқарады және оны теледидар, радио, интернет сияқты барлық платформаларда ұсынады. Бүгінде Телерадиокешен құрамына: Jibek Joly республикалық телеарнасы мен радиосы, Silk Way, Silk Way Cinema, Silk Way Prime халықаралық телеарналары, «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.

Бұған дейін қазақстандық тележурналистика ардагері Кеңесбай Әбенов ТРК-ның техникалық негізі қалай құрылғанын әңгімелеген еді.

Сондай-ақ, ТРК-нің техникалық дирекциясының басқарушы директоры Ернар Ибрагимов Телерадиокешеннің даму кезеңдері мен технологиялық жаңғыруы туралы айтып берді.