Шыңдағы жауынгерлер: елімізде әскери альпинистер қалай даярланады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін - халықаралық альпинизм күні. Осыған орай Kazinform тілшісі Қазақстан Қарулы күштеріндегі әскери альпинистердің қалай даярланатынын, халықаралық аренадағы жетістіктерін және бұл мамандықтың басты қағидатын саралады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Кімдер әскери альпинист бола алады?

Әскери альпинистер – таулы жерде жауынгерлік міндеттерді орындауға және жеке құрамды арнайы тау даярлығына үйретуге маманданған әскери қызметшілер.

– Тау даярлығы бойынша арнайы біліктіліктен өткен әскери қызметшілер еліміздің түрлі әскери бөлімдерінде қызмет атқарып, таулы жердегі жауынгерлік даярлықты ұйымдастыруға және жеке құрамды оқытуға үлесін қосып келеді, – делінген Қорғаныс министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Әскери альпинистің даярлығы бірнеше біліктілік деңгейінен тұрады. Таулы өңірлерде жауынгерлік міндеттердің артуына байланысты мұндай мамандарға сұраныс өсіп келеді. Осыған орай оқу бағдарламаларын жетілдіру, нұсқаушылар құрамын күшейту және әскери даярлықтан өтетін мамандар санын кезең-кезеңімен арттыру көзделген.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Олар арнайы тау даярлығы орталығында дайындалады. Оқыту теориялық және практикалық кезеңдерден тұрады. Әскери қызметшілер таулы жерде қозғалу, жартасты және мұзды бедерден өту, альпинистік жабдықтарды пайдалану, табиғи кедергілерді еңсеру, зардап шеккендерді эвакуациялау және бөлімшенің іс-қимылын ұйымдастыру тәсілдерін меңгереді. Ал алған білімі арнайы полигондардағы тактикалық оқу-жаттығуларда шыңдалады.

Курсқа физикалық дайындығы жоғары әрі денсаулығы таулы жерде қызмет атқаруға жарамды әскери қызметшілер ғана қабылданады.

– Үміткерлердің физикалық мүмкіндіктері, моральдық-психологиялық тұрақтылығы мен күрделі жағдайда әрекет ету қабілеті бағаланады. Курсты аяқтаған соң әскери қызметшілер теориялық және практикалық сынақтардан өтіп, талаптарды толық орындаған жағдайда ғана тиісті біліктілікке ие болады, – деп хабарлады министрлік.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Оқу бірнеше аптаға созылады. Бағдарлама базалық тау даярлығын, арнайы тактикалық дайындықты және біліктілікті арттыру курстарын қамтиды. Курсты сәтті аяқтағандарға сертификат беріледі, ал дайындық деңгейіне қарай альпинизм бойынша спорттық разряд алу мүмкіндігі қарастырылған.

Даярлық барысында халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай альпинистік жабдықтар, цифрлық карталар мен навигациялық жүйелер қолданылады.

– Қолданылатын техникалық альпинистік жабдықтардың негізгі бөлігі халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін шетелдік өнімдерден тұрады. Бұл күрделі таулы жағдайда жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оқу процесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – делінген ақпаратта.

Халықаралық ынтымақтастық пен жетістіктер

Қазақстандық альпинистер кәсіби шеберлігін халықаралық оқу-жаттығуларда, тәжірибе алмасу бағдарламаларында және жарыстарда тұрақты жетілдіріп жатыр. Мұндай ынтымақтастық әлемнің жетекші әскери тау мектептерінің тәжірибесін енгізуге ғана емес, оқу бағдарламаларын жетілдіруге де мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қазақстандық әскери қызметшілер Армиялық халықаралық ойындардың «Эльбрус сақинасы» байқауында мұздықтар мен өзендер арқылы өтетін 105 шақырымдық күрделі бағытты еңсеріп, қола жүлдеге ие болды.

Жетістіктердің қатарын биылғы Денали экспедициясы толықтырды. Арнайы операциялар күштерінің Тау даярлығы орталығының альпинистер тобы Солтүстік Американың ең биік нүктесі – Денали шыңын (6190 метр) бағындырып, шың басында Мемлекеттік Ту мен Арнайы операциялар күштерінің туын көтерді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

– Экспедиция әскери қызметшілердің жоғары кәсіби даярлығын көрсетті. Солтүстік Американың ең биік шыңын бағындыру олардың табандылығын паш етті, – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Халықаралық ынтымақтастық жарыстармен шектелмейді. Мәселен, бұған дейін Италия Қарулы күштерінің тәжірибелі нұсқаушылары Алматыдағы Тау даярлығы орталығында қазақстандық әскери қызметшілерге бағдарлау, таулы жерде ұрыс жүргізу, зардап шеккендерді эвакуациялау және тау жабдықтарын пайдалану бойынша теориялық әрі практикалық сабақтар өткізген.

Ал халықаралық тәжірибе күнделікті дайындықпен ұштасады. Әскери альпинистер Іле Алатауындағы оқу-жаттығу полигондарында, соның ішінде Мәншүк Мәметова мұздығында тұрақты жаттығып, кәсіби машығын жетілдіреді.

13 жыл шыңда шыңдалған альпинист

Халықаралық жарыстардағы жетістіктер мен күрделі экспедициялардың артында тәжірибелі әскери мамандардың еңбегі тұр. Солардың бірі – подполковник Аманжол Рахметов. Ол – әскери бөлім командирінің жауынгерлік және арнайы даярлық жөніндегі орынбасары, кәсіби альпинист, ІІ дәрежелі альпинизм нұсқаушысы.

– Биыл Қарулы Күштердегі қызметіме 24 жыл толды. Осы уақыт ішінде кіші сержанттан подполковникке дейінгі жолдан өттім. Соңғы 13 жылымды тау даярлығы мен әскери альпинизмге арнадым. Бұл салаға келуіме әскери қызметтің ерекшелігімен қатар, бала кезден тауға деген қызығушылығым себеп болды, – дейді ол.

Фото: Аманжол Рахметовтің жеке мұрағатынан

Подполковниктің жадында ерекше қалған оқиғалардың бірі – 2021 жылғы Хан-Тәңірі экспедициясы. Оның айтуынша, өрлеу кезінде гипоксия белгілері байқалып, жағдайы күрт нашарлаған.

– Сол кезде жанымдағы тәжірибелі альпинист Ершат Аязбаев дер кезінде көмек көрсетіп, жағдайымды тұрақтандырды. Демалып алғаннан кейін ғана көтерілуді жалғастырып, шыңға сәтті жеттік. Сол жағдай қауіпсіздік талаптарын сақтау мен командалық қолдаудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, – дейді подполковник.

Оның айтуынша, әскери альпинизм ең алдымен физикалық күштен бұрын салқынқанды болуды, тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді.

– Ең қызығы – жаңа шыңдарды бағындыру болса, ең үлкен жауапкершілік – өзіңмен бірге келе жатқан адамдардың өмірі. Бір арқанға байланған әр адамның амандығына жауап бересің. Жастарға айтар кеңесім, қауіпсіздікті әрдайым бірінші орынға қою керек. Ешбір шың немесе жетістік өмір мен денсаулықтан қымбат емес, – дейді әскери альпинист.

Аманжол Рахметов ұстанатын қағида еліміздегі әскери альпинизм мектебінің негізіне айналған. Өйткені оның басты мақсаты – биік шыңды бағындыру емес, күрделі жағдайда да дұрыс шешім қабылдап, адам өмірін сақтай алатын кәсіби маман қалыптастыру.