Шыңғыс Әрінов: Бұл әлем кубогы бірлік пен рух күшінің үлгісі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай ерлер мен әйелдер арасында өткен қоян-қолтық ұрысынан әлем кубогының финалы аяқталды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі жариялады.
Екі күн бойы 20 елден келген 230 спортшының арасында тартысты жекпе-жек өтті. Турнир өзін-өзі қорғау және жекпе-жек дисциплиналары бойынша адал күрес, рухтың күші мен кәсіби шеберліктің көрінісіне айналды.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жарысқа қатысушылар мен қонақтар алдында құттықтау сөз сөйледі.
— Әлем кубогының финалы — абырой мен асыл қасиеттерді марапат емес, өмірлік ұстаным деп білетін жандардың басын қосатын сайыс. Татамиде еңбекпен және жігермен шыңдалған тұлғалар кездеседі. Әр жекпе-жек — бар күш-жігерін салуды, айқын ойды және қорқынышсыз әрекет етуді талап етеді. Мұндай қасиеттер спортшылар мен құтқарушыларды біріктіреді. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері күн сайын батылдық танытып, сабыр сақтап, әрдайым көмек көрсетуге дайын тұрады, — деді Шыңғыс Әрінов.
Спорттық мерекенің ерекше атмосферасын Қазақстан спортының жұлдыздары — Олимпиада чемпионы Илья Ильин, ММА аралас жекпе-жек шебері Артём Резников, атақты боксшы Василий Левит және стрит-воркауттан Қазақстан құрамасының бас бапкері Айтым Жақыпов жандандыра түсті. Құрметті қонақтар қатарында күштік, арнайы және құқық қорғау органдарының өкілдері мен басшылары, сондай-ақ Астана қаласының әкімі де болды.
Турнирде ел намысын 9 спортшы қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық команда жоғары нәтиже көрсетті.
- Беркінбаева Аружан — әлем чемпионы
- Искандеров Аслан — әлем чемпионы
- Пернебек Алиби — әлем чемпионы
- Чеботарёва Мария — әлем кубогының күміс жүлдегері
Қоян-қолтық ұрысынан әлем кубогы финалының Астанада өтуі еліміздің спорттық мансабындағы маңызды оқиға, әрі қазақстандық спортшылардың жоғары деңгейде дайындалғанының тағы бір дәлелі болды.
Еске сала кетейік, су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Азия біріншілігінің ¼ финалына өтті.