Шыңғыс ханның бейнесін алкоголь мен темекіге пайдаланбау ұсынылды – шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: janadauir.com

Қазақстан мен Иранның Һормозган провинциясы сауда-экономикалық әріптестікті тереңдету жолдарын талқылады— Eurasia Today

Фото: eurasiatoday

Қазақстанның Иранның Бендер-Аббас қаласындағы консулдығының басшысы Дәуірбек Дүйсебай Иранның Һормозган провинциясының іскер топ өкілдерімен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту перспективаларын пысықтады. Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады. 

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, келіссөз барысында Қазақстан мен Иранның аймақтық компаниялары арасында түрлі салаларда өзара тиімді ынтымақтастық орнату мәселелері кеңінен қарастырылды.

Айта кетейік, 12 қараша күні өткен кездесуге Қазақстанның Иранның Бендер-Аббас қаласындағы консулдығының басшысы Дәуірбек Дүйсебай мен Һормозган провинциясының Сауда, өнеркәсіп, кен және ауыл шаруашылығы палатасы басқарма кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Вахид Тәхәмтән қатысып, іскерлік байланыстарды жаңа деңгейге көтеру қадамдарын талқылаған болатын.

Өзбекстан мен Қытай қолөнер саласындағы ынтымақтастықты дамытады— ӨзА

Фото: uza.uz

Өзбекстанның «Хунарманд» қауымдастығында Қытайдың «Jingdezhen Ceramics Group» компаниясының Орталық Азия бөлімшесінің басшысы Чжун Вэймен кездесу өтті, деп жазады «ӨзА».

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, тараптар қыш құмыра жасау және керамика саласында тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзбек ұлттық керамикалық бұйымдарын халықаралық нарыққа шығару мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Риштон қыш құмыра жасау мектебінің дәстүрлерін Қытай керамика өнерімен ұштастырып, «Жібек жолы» атты бірлескен топтама әзірлеу мүмкіндігі қарастырылды. Кездесу Өзбекстан мен Қытай арасындағы мәдени-шығармашылық байланысты нығайтып, ұлттық қолөнерді халықаралық деңгейде дәріптеуге бағытталған.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА„-да жоғарыдағы ақпаратқа ұқсас келеген „Өзбекстан мен Татарстан қолөнер саласындағы ынтымақтастықты нығайтады“ деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Фото: uza.uz

Өзбекстан мен Татарстан Республикасы қолөнер саласындағы байланысты дамытуға ниетті. Осы мақсатта Ташкент қаласында «Hunarmand» республикалық қауымдастығының төрағасы Расулжон Мирзаахмедов пен Татарстан делегациясының өкілдері арасында кездесу өтті. 

Хабарламада айтылуынша, тараптар ұлттық қолөнер дәстүрлерін сақтау, шеберлер арасында тәжірибе алмасу, жастарға арналған шеберлік сабақтарын ұйымдастыру және бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша қолөнер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды. Құжат екі тараптың шеберлері арасындағы кәсіби және шығармашылық байланыстарды нығайтуға, ұстаз-шәкірт дәстүрін жалғастыруға, сондай-ақ ұлттық қолөнерді халықаралық деңгейде дәріптеуге мүмкіндік береді.

Алтайдағы шаңғы базасы қысқы маусымды сынақ режимінде ашты — Алтай ақпараты

Фото: mp.weixin.qq.com

7 қарашада Қытайдың Алтай аймағы Шіңгіл ауданындағы «Лаңшан» халықаралық шаңғы базасы 2026–2027 жылғы қысқы маусымын сынақ режимінде іске қосты. Осы кезеңде келушілерге шаңғы тебу қызметтері тегін ұсынылады, деп жазады «Алтай ақпараты» басылымы.

Базада шаңғы трассалары әзірленіп, аспалы жолдар мен сырғанау құрылғылары тексерілген. Сондай-ақ жабдықтарды жалға беру, демалыс және тамақтану орындары жұмысын бастады.

Биыл базада қауіпсіздік жүйесі жетілдіріліп, қорғаныс торлары мен трасса белгілері жаңартылды. Тәулік бойы бақылау, құтқару қызметі және медициналық көмек көрсету топтары ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта жаңадан үйренушілерге арналған бір трасса мен екі сырғанау жолы жұмыс істеп тұр. Ауа райы қолайлы болған сайын өзге трассалар мен ойын-сауық алаңдары да кезең-кезеңімен ашылады.

Қытай қаржыландырған компаниялар Қазақстанда бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді — Халық газеті

Фото: kaz.people.cn

6 қарашада Астанада Қытай капиталының қатысуымен Қазақстанда жұмыс істейтін кәсіпорындардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны Қазақстандағы Қытайдың Бас сауда палатасы, Қытайдың халықаралық сауданы дамыту кеңесінің Қазақстандағы өкілдігі және Қытайда білім алған қазақстандық түлектер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы. 

Қытайлық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, ұйымдастырушылардың мәліметінше, жыл сайын өткізілетін жәрмеңке биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы іс-шараға Қазақстанда жұмыс істейтін Қытай қаржыландыратын 25 компания қатысты. Жәрмеңке отандық еңбек нарығында жұмыс іздеушілер мен қытайлық инвестиция тартылған кәсіпорындар арасында байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Пезешкианның «ТМД 1» ұсынысы кеңінен оң қабылданды — ParsToday

Фото: parstoday.ir

ParsToday — Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Иран Президенті Масуд Пезешкианның Тегеран мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД 1) арасында ынтымақтастық тетігін құру туралы ұсынысын аталған елдердің құптап қабылдағанын мәлімдеді, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі. 

ParsToday IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Александр Панкин Иран Ислам Республикасы Президентінің «ТМД 1» ынтымақтастық форматын құру туралы ұсынысына тоқтала келе, бұл бастаманың Мәскеуде, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше басқа елдердің астаналарында және сарапшылар арасында оң қабылданғанын мәлімдеді. Осыған орай, Ресей Президенті Пезешкианның ұсынысын жүзеге асыру жолдарын қарастыру мақсатында бірлестік аясындағы серіктестерімен қажетті консультациялар жүргізуге дайын.

Панкин Иран мен ТМД арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің айтарлықтай әлеуеті бар екенін мәлімдеген. Сонымен қатар, ол ТМД-ға мүше мемлекеттер санын арттыру туралы айтуға әлі ерте екенін, ал қазіргі жағдайда «ТМД-плюс» форматы басқа елдермен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Тынық мұхитының түсі өзгерді — TRT

Фото: Kazinform/ИИ

Норвегиялық ғалымдар Тынық мұхитының солтүстік бөлігіндегі су түсінің өзгеруіне микропластиктердің жиналуы әсер етуі мүмкін екенін анықтады. Зерттеушілер 2002–2022 жылдар аралығындағы спутниктік деректерді талдап, «Тынық мұхитының үлкен қоқыс алаңы» маңындағы судың көгілдір және жасыл реңктерге өзгергенін байқаған.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. 

«TRT»-ның дерегінше, ғалымдардың пікіріне сүйенсек, бұл құбылыстың микропластиктермен байланысты болу ықтималдығы табиғи факторларға қарағанда төрт еседен астам жоғары. Зерттеу нәтижелері Nature журналында жарияланған. Дегенмен нақты себеп-салдар байланысын анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет.

Ғалымдардың бағалауынша, жыл сайын мұхиттарға шамамен 13 миллион тонна пластик қалдық түседі. Оның бір бөлігі теңіз жануарларының ағзасына еніп, қоректік тізбек арқылы таралады. Нәтижесінде микропластиктер мұхит экожүйесіне ғана емес, адам денсаулығына да қауіп төндіруі мүмкін.

Шыңғыс ханның бейнесін алкоголь мен темекіге пайдаланбау ұсынылды — Janadauir

Моңғолия Ұлы мемлекеттік хуралының (МҰХ) Мемлекеттік құрылым жөніндегі тұрақты комитеті Ұлы Моңғол мемлекетінің құрылғанына 820 жыл толуына орай Шыңғыс ханның мемлекеттік мұрасын сақтау туралы қаулы жобасын әзірлеуді мақұлдады. Жобаға сәйкес, Шыңғыс ханның тарихи қызметі, заңдары мен әлемдік тарих және өркениет дамуына қосқан үлесі атап өтілген, деп хабарлайды моңғолиялық «Жаңа дәуір» басылымы. 

Аталған БАҚ-тың дерегінше, құжатта Ұлы Моңғол мемлекетінің тарихи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, қорғау, жаңғырту және халықаралық деңгейде насихаттау мәселелері қамтылған. Сонымен қатар тарихи мұраны экономикалық, әлеуметтік және мәдени айналымға енгізу қажеттігі талқыланған.

Тұрақты комитет отырысында МҰХ мүшесі Гантөмөр қаулы жобасын қолдайтынын білдіріп, Шыңғыс ханның бейнесін алкоголь және темекі өнімдерін жарнамалау мақсатында пайдалануға жол бермеу жөнінде ұсыныс жасады. Аталған ұсынысты комитет отырысына қатысқан мүшелердің басым бөлігі қолдады.

Сондай-ақ осы аптада Жаңа дәуір басылымында «Жүргізуші куәлігі тәркіленген адам мас күйінде көлік жүргізсе көлемді айыппұл салынады» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Фото: janadauir.com

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Моңғолияда көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан мас күйінде рөлге отырған азаматтарға 2,7 млн-нан 14 млн төгрөгке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Полицияның мәліметінше, 2026 жылғы 4 қарашада бір тәулік ішінде осындай жеті қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

Моңғолия Қылмыстық кодексінің 27.10-бабына сәйкес, мұндай әрекет үшін 2 700-ден 14 000 бірлікке дейін (2 700 000–14 000 000 төгрөг) айыппұл салу, 6 айдан 3 жылға дейін көлік жүргізу құқығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Полиция басқармасы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмауға шақырды.