Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқарып отырған қызметінен босатылды. Оның орнына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша Шыңғыс Сүйінбаев тағайындалды.
Жаңа орынбасарды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды.
— Оның тәжірибелік білімі мен кәсіби дағдылары облыс әкімінің орынбасары қызметінде өз әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, - деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Шыңғыс Сүйінбаев еңбек жолын «ҚазМетрИн» РМК жанындағы Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Қазақстандық метрология қызметі» ЕМК Алматы филиалында 1-санатты маман болып бастаған. Кейін тексеру зертханасының меңгерушісі қызметін атқарды.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде басшылық қызметтер атқарды.
2022–2023 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары болды.
2023 жылғы қарашадан бастап осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Дінмұхамед Гайдарұлы Қылышпаев ведомствоның Көші-қон комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.