Шыңжаңдық Айман мен Сұңқар бірі алтын, бірі қола жүлдені еншіледі — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Өзбекстанда Орталық Азия Балалар омбудсманы алғашқы халықаралық форумы өтіп жатыр — ӨзА
Ташкент қаласында БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және ЕҚЫҰ-ның Өзбекстандағы жобалар үйлестірушісімен бірлесе ұйымдастырылған Орталық Азия мемлекеттері Балалар омбудсмандарының алғашқы халықаралық форумы өз жұмысын бастады, деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Хабарламада айтылуынша, «Орталық Азия мемлекеттерінде бала құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірудің өзекті мәселелері: балалар омбудсмандарының өңірлік ынтымақтастық перспективалары» тақырыбындағы бұл халықаралық жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанның балалар омбудсмандары, сондай-ақ Финляндия, Норвегия, Хорватия сияқты Еуропа елдерінің балалар омбудсмандары мен Еуропа Балалар омбудсмандары желісінің (ENOC) өкілдері қатысуда.
Шара барысында, Өзбекстан Орталық Азия елдерінің Балалар омбудсмандары арасындағы өңірлік диалог алаңын құру бастамасын көтерді.
Айта кетейік, аталған форумның негізгі мақсаты — балаларды қорғау саласындағы тиімді тәжірибе алмасу, ортақ мәселелерді оңтайлы шешу, өңірлік және трансшекаралық қауіп-қатерлерге қарсы ортақ тәсілдер қалыптастыру мақсатында Орталық Азия елдері Балалар омбудсмандары арасында өзара іс-қимылдың нәтижелі өңірлік алаңын құру.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Қазақстандық бильярд шебері „ТМД–2025 кубогы“ турнирінің жеңімпазы атанды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Ташкент қаласындағы әйгілі «STAR SNOOKER» бильярд клубында өткен беделді «ТМД–2025 кубогы» халықаралық рейтингтік турнирі өз мәресіне жетті. Бұл дүбірлі додада Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстаннан келген 121 бильярд шебері бақ сынады.
Аса тартысты өткен финалда қазақстандық Әлібек Омаров жоғары кәсіби шеберлік танытып, түркіменстандық Аннамамед Аннамамедовты 5:4 есебімен тізе бүктіріп, турнирдің басты жеңімпазы атанды. Өз кезегінде Аннамамедов қола жүлдеге қол жеткізді.
Ал үшінші орын өзбекстандық Нодирбек Мирзаев пен қырғызстандық Акжолтой Тұрғанбаевқа бұйырды.
Ганьсу өлкесіне Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген алғашқы пойыз келді — «Халық газеті»
Жуырда Қытайдың Ганьсу өлкесінің Луннань қаласына Қазақстанның Алматы қаласынан 1100 тонна зығыр тұқымы тиелген жүк пойызы келді. Бұл Орталық Азия пойызы арқылы осы шаһарға жеткен алғашқы ауылшаруашылық жүк пойызы.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» басылымы хабарлады.
Қытайлық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, жергілікті кеден департаментінің мәліметінше, тауарлар партиясы елге Қытай-Қазақстан шекарасындағы Қорғас порты арқылы өткен. Пойыз 3000 шақырым жолды еңсеріп, жалпы құны 5,06 миллион юань болатын жүкті тасымалдады. Ауылшаруашылығы тауары теміржол арқылы 20 күнде жеткізілген.
Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Бейжіңнен Қазақстанның Алматы қаласына алғашқы Қытай-Еуропа (Орталық Азия) пойызы аттанды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Аталған басылымның мәліметінше, жақында Бейжіңнен Алматы қаласына жүк пойызы аттанды. Бұл Алматыға қарай Қытай- Еуропа (Орталық Азия) пойыз бағытының ресми ашылғанын білдіреді.
Келтірілген дерек бойынша, пойызға жалпы құны 20 миллион юаньнан асатын 55 контейнер жүк тиелген. Оның ішінде автомобиль бөлшектері, торлы маталар, кондиционерлер, микротолқынды пештер және басқа да өнімдер бар. Пойыз Бейжіңнің Фаншань аумағынан жолға шығып Алашанькоу порты арқылы ел шекарасынан шығады.
«Қытай Теміржолының Бейжің бюросы болашақта пойыз бағыттарын ашу жоспары оңтайландырылатынын хабарлады. Сонымен қатар жүк түрлерін көбейтіп, Қытай- Еуропа (Орталық Азия) пойыздарын тұрақты және тиімді жүргізуді қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Бұдан бөлек, Қытайлық компанияларға Қытай- Еуропа (Орталық Азия) пойыздары арқылы халықаралық нарыққа шығуына көмектесуді мақсат тұтады», деп жазады «Халық газеті».
Иран мен Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі арасындағы келісімге қол қойылды —
Иран Сыртқы істер министрі мен Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің Бас директоры Иран мен АҚХА арасындағы ынтымақтастықты қалпына келтіру туралы келісімге қол қойды, деп жазды Parstoday ақпарат агенттігі.
Ирандық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сейсенбі күні таңертең Мысыр астанасы Каирге келген Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи алдымен Мысыр Сыртқы істер министрі және Атом Қуаты Агенттігінің бас директоры Рафаэль Гроссимен үшжақты кездесу өткізді. Одан кейін Рафаэль Гроссимен жабық есік жағдайында өткен екі сағаттық кездесуден кейін Одақ сарайына барып, Мысыр президентімен кездесті.
ParsToday ақпарат агенттігінің Sadav Sima ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Арақчи мен Гросси Мысыр Сыртқы істер министрі Бадр Абдель Атимен кездесуден кейін Иранның Атом Қуаты Халықаралық Агенттігімен ынтымақтастығын қалпына келтіру туралы келісімге қол қойды.
Ирандық басылымның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың ажырамас құқықтарына кепілдік беріледі.
Сондай-ақ, Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің Бас директоры Рафаэль Гросси Иранмен техникалық тексерулерді қалпына келтіру туралы келісімге қол жеткізуін дипломатия мен тұрақтылыққа жол ашатын дұрыс бағыттағы қадам екенін айтқан.
Шыңжаңдық Айман мен Сұңқар бірі алтын, бірі қола жүлдені еншіледі — Жэньминь жибао
Қытайдың Ханчжоу қаласында дзюдодан ерлер және әйелдер арасында Азия кубогы үшін жарыс аяқталды. Аталған құрлықтық жарыста шыңжаңдық дзюдошылар Қытай командасына бір алтын бір қола медал алып берді, деп хабарлайды қытайлық Жэньминь жибао ақпараттық порталы.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Ханчжоу қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Азия кубогында Қытай дзюдо командасы 9 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль алып, үздік нәтижеге қол жеткізген. Мұның ішінде Шыңжаңнан келген 2 спортшы бір алтын, бір қола медаль алған.
Қытайлық басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, сол екі жүлдені иеленген шыңжаңдық спортшының бірі Айман Жеңіснұр болса енді біреуі Сұңқар Серік атты ұлты қазақ спортшылар.
Осы реткі құрлықтық жарысты Азия дзюдо қауымдастығы ұйымдастырған, ресми орындар куәләндірған халықаралық A дәрежелі жарыс саналады. Қытай, Канада, Жаңа зелландия, Корея, Тайланд қатарлы 13 мемлекеттен келген жүзге жуық дзюдошылар жарысқа қатынасқан. Жарыста ерлер мен әйелдер бойынша жеке-жеке 7 дәрежедегі жарыс орналастырылған, Қытай командасы әрбір дәреже бойынша ересектер группасына және жастар группасына жеке-жеке екіден спортшы қатыстырған.
Айта кетейік, қытайлық БАҚ-тың дерегінше, шыңжаңдық екі спортшы Сұңқар Серік және Айман Жеңіснұр жақынғы жылдардан бері Қытай елінде өзідерін танытып келе жатқан жас спортшылар, екеуінің де жасы 22-де. Айман қазір Қытай елінде әйелдер бойынша 78 келіден жоғары салмақ дәрежесінде бірінші орында тұр. Халықаралық рейтингте 12-шы орында. Сұңқардың халықаралық рейтингтегі орны жоғары болмағанымен, ел ішіндегі ерлер арасында 81 килограмдық салмақ дәрежесіндегі біршама үздік жас спортшы. Сонымен бірге, мемлекеттік команданың ең негізгі түрде тәрбиелейтін спортшыларының бірі.
Түркия отандық «Алтай» танкінің жаппай өндірісін бастады — TRT
Анкара зауыты заманауи танк пен жаңа буынның брондалған көліктерін шығаратын болады. Түркия жаңа танк «Алтайдың» жаппай өндірісін ресми түрде бастады. Бұл өндіріс Анкара қаласындағы отандық автокөлік өндіруші «BMC» зауытында жүзеге асырылуда және елдің қорғаныс саласындағы үлкен жетістігі болып табылады.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, «BMC» компаниясының төрағасы Фуат Тосиялы жұма күні «бұл жоба ғасырлық түрік арманының орындалуы» екенін айтқан.
Оның айтуынша, бұл зауыт өткен жылы негізі қаланғаннан кейін жаппай өндірісті бастады, бұл танктердің Түрік Қарулы Күштері мен одақтас елдердің қорғаныс қажеттіліктерін қанағаттандыратынына сенімді.
Заманауи технологиялармен жабдықталған «Алтай» танкі «BMC Power» компаниясы дайындаған «BATU» қозғалтқышымен жұмыс істейді.
Анкарадағы өндіріс зауыты барлық өндіріс кезеңдерін жүзеге асыру үшін өнеркәсіптік роботтар мен озық өндіріс әдістерін қолданады.