Шырт ұйқыда жатқан полиция қызметкерлерінен сытылып шыққан екі ақтөбеліктің ісі сотта қарала бастады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Уақытша тергеу изоляторынан қашып, белгісіз жаққа кетіп қалған екі ақтөбелік ұсталып, бүгін ісі сотта қарала бастады. Екі күдікті қашқан кезде полицияның күзетіндегі қызметкерлер шырт ұйқыда жатқан.
№2 Ақтөбе қалалық сотында екі қылмыстық іс бір өндіріске алынды.
Қазіргі кезде тергеу изоляторынан қашқан екі сотталушыға қатысты айыптау актісі оқылды.
Іс материалына сүйенсек, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының 26 жастағы тұрғыны былтыр 31 қазанда қаладағы сауда – ойын-сауық кешеніне барып, алтын бұйымдар сататын бутиктің күзетіндегі осал тұсын аңғарады. Бір күн өткен соң сол жерге қайта барып, қара матадан оңай өтіп, ішке енеді. Сол кезде құны 23,5 млн теңге тұратын алтын бұйымдарды, 10 мың теңге ақшаны және 1,2 млн теңге болатын құрал-жабдықты сөмкеге салып, алып кетеді.
Бутик иесінің жалпы шығыны 24,7 млн теңгеден асып кеткен. Кейін ол арада екі күн өткенде ұсталып, тергеу изоляторына қамалады.
– 2023 жылдың 6 қарашасы күні уақытша ұстау изоляторында отырған оның жанына бұзақылық жасады деген күдікпен тағы бір күдікті жеткізіледі. 2023 жылдың қарашасы күні екеуі қашып шығуды ойластырады. Ал 12 қараша күні сағат 03:24-те олар есіктің тамақ беруге арналған темір торы жабылмай тұрғанын көреді. Дыбыс шығарған кезде ешкім жауап бермеген соң полиция қызметкерлерінен еш кедергі жоқ екенін ұғып, тордан қолын шығарып, есіктің ілмегін ашып жібереді. Кейін ұйықтап жатқан кезекші полиция қызметкерлерінің жанынан өтіп, екінші қабатқа көтеріледі. Ол жақтан шығар есік таппаған соң қайта бірінші қабатқа түсіп, темір есікті қатты итеріп қалады. Кейін ауладағы темір қоршаудан секіріп, қашып кетеді,- деді прокурор Әсел Утенова.
Сот отырысы кезінде жәбірленуші мен сотталушы медиациялық келісімге келгені білгілі болды. Жәбірленуші шығынның толық өтелгенін айтып, сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Айта кетейік, бір камерада отырған екінші сотталушы бұған дейін екі рет заң бұзып, бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Екі қателігі де сабақ болмай, досымен бірге ішімдік ішіп, көшеде екі адамға тиіскен. Ұрып-соққаны үшін ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалған.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» және «Бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашу» баптары бойынша айып тағылып жатыр. Ал жанында болған досына Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша айып тағылды.
Сот отырысы жалғасып жатыр.