ШЫҰ 25 жылда әлемдегі ең ірі трансөңірлік ұйымдардың біріне айналды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай астанасы Бейжің қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты қабылдау өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: ШЫҰ

Іс-шара барысында сөз сөйлеген ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев ұйымның мерейтойы мүше мемлекеттердің ондаған жыл бойғы жүйелі жұмысы мен болашаққа ұмтылысын айшықтайтынын айтты.

«Шанхай бестігінен» бастау алған ұйым бүгінде әлемдегі ең ірі трансөңірлік бірлестіктердің біріне айналды. Ұйымның барлық қызметі «Шанхай рухының» қағидаттарына негізделген. Бұл өз кезегінде мүше мемлекеттердің өзара сенім мен құрмет негізінде ортақ шешімдер қабылдап, алға жылжуына мүмкіндік беріп келеді», – деді Нұрлан Ермекбаев.

Қытай үкіметі атынан сөз сөйлеген ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И ШЫҰ Бас хатшысын, ұйымға мүше мемлекеттердің елшілерін құттықтап, ұйымның дамуына қолдау көрсетіп отырған халықаралық серіктестерге алғыс білдірді.

«Қытай ШЫҰ-ны көршілес мемлекеттермен қарым-қатынас орнатудағы басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Біз ынтымақтастық пен өзара тиімділік жолында ШЫҰ елдерімен мүмкіндіктерімізді бөлісуге дайынбыз», – деді Қытай сыртқы саяси ведомствосының басшысы.

Kazinform тілшісіне берген сұхбатында ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Олег Копылов ұйым үшін 25 жылдық кезеңнің маңызды белес болғанын атап өтті.

«Ширек ғасыр ішінде ШЫҰ аумағы мен халқының саны бойынша әлемдегі ең ірі трансөңірлік бірлестікке айналды. Қазіргі уақытта ұйым аясында 29 министрлік тетік жұмыс істейді және ынтымақтастық барлық негізгі салаларды қамтиды», – деді ол.

Олег Копыловтың айтуынша, Қытай төрағалығы кезінде қалыптасқан орнықты даму бағыты қазіргі төраға Қырғызстан кезінде де жалғасын тауып отыр. Бұл басымдықтар алдағы Пәкістан төрағалығы кезеңінде де сақталады.

Қабылдау аясында қонақтарға мәдени бағдарлама ұсынылды. Балалар ұжымы өнер көрсетіп, қытайлық робототехника жетістіктері таныстырылды. Сонымен қатар тарихи фотокөрме мен аграрлық технологиялар жөніндегі ШЫҰ демонстрациялық базасының арнайы стенді ұйымдастырылды.

Айта кетейік, бұған дейін ШЫҰ елдері ұйым қызметін жетілдіруге ерекше мән беріп отырғаны хабарланған болатын.