Аталған саммит Қырғызстанның ШЫҰ-ға төрағалығы аясында Бішкектегі «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында өтті.
Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер, бақылаушы елдер мен диалог жөніндегі серіктес мемлекеттерді қоса алғанда, 26 елден жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының, сараптамалық орталықтардың, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың 250-ге жуық өкілі қатысты. Саммитті Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпарат агенттігі мен Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі бірлесіп ұйымдастырды.
Саммиттің негізгі тақырыбы – «Жаңа дәуірдегі ШЫҰ: өзара түсіністіктен практикалық ынтымақтастыққа» болды. Пленарлық отырыстар барысында қатысушылар Ұйымның ортақ ақпараттық кеңістігін дамыту, оның қызметін сапалы сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеуді жетілдіру, жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимылды күшейту, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Саммитке қатысушылар қазіргі медиакеңістікте жеделдік, объективтілік және терең талдау басты талаптардың бірі екенін атап өтті. Олардың пікірінше, сапалы журналистика мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайтып, өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық, көлік және инвестициялық жобалардың маңызын қоғамға кеңінен жеткізуге ықпал етеді.
ШЫҰ Хатшылығының өкілі ұйымның жаһандық ақпараттық кеңістіктегі ұстанымын нығайтуға ерекше мән берілетінін айтты. Оның айтуынша, Ұйым қызметі ресми интернет-ресурсы мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы жан-жақты ақпараттық тұрғыдан сүйемелденіп келеді.
Саммит қорытындысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы тұрақты диалогтың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Қатысушылар практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, кәсіби байланыстарды нығайтуға және әділетті, ашық әрі көпполярлы халықаралық ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға бірлесіп ықпал етуге дайын екендерін жеткізді.
Айта кетейік, бұл іс-шара Қырғызстанның төрағалығымен 2026 жылғы 31 тамыз - 1 қыркүйекте Бішкекте өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық аясындағы маңызды кезеңдердің бірі саналады.
Бұған дейін ШЫҰ 25 жылда әлемдегі ең ірі трансөңірлік ұйымдардың біріне айналғанын жазғанбыз.