ШЫҰ елдері су ресурстары саласындағы ынтымақтастыққа зор мән береді – Бас хатшы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы шеңберінде 2024 жыл ұйымның Экология жылы болып жарияланған болатын. Осы ретте ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Ұйымға мүше мемлекеттердің экологиялық ынтымақтастығы, оның келешегі мен қазіргі жобалары туралы айтып берді.
«Қазіргі уақытта жаһандық климаттың өзгеруі белең алып келеді, бүкіл әлемде экологиялық апаттар жиі байқалып отыр, бұл барлық елдердің дамуы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. ШЫҰ кеңістігінде де су ресурстарының тапшылығы мен біркелкі бөлінбеуі, су тасқыны, жердің шөлейттенуі мен сортаңдануы, Арал теңізінің экологиялық дағдарысы және төтенше ауа райы сияқты бірқатар өзекті сын-қатерге тап болып отырмыз. Сондықтан ШЫҰ орнықты даму бағытын берік ұстанады, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік және климаттың өзгеруі, табиғатты ұтымды пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа зор мән береді», - деді Чжан Мин.
Оның айтуынша, ШЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде Қазақстан бастамасымен мүше елдер ғылыми-техникалық ынтымақтастық, білім беру және кадр даярлау, ақпарат және тәжірибе алмасу, қоршаған ортаны қорғау және мониторинг саласындағы «жасыл» қаржыландыру, экологиялық қауіпсіздік, биоалуандық, климаттың өзгеруі, қалдықтарды басқару, энергия үнемдеу және шығарындыларды азайту сияқты салаларда мазмұнды өзара іс-қимылды күшейтуде және түрлі жобаларды іске асыра бастады.
2023 жылы 26 қазанда қабылданған «ШЫҰ Экология жылы» іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында Бішкекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің отырысында дөңгелек үстелдер, семинарлар, интерактивті ойындар, экологиялық акциялар, білім беру дәрістері сияқты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Биыл 8 шілдеде Қытайдың Циндао қаласында «ШЫҰ Экология жылы 2024» кіші форумы өтеді. Оған екі панельдік сессия кіреді: «ШЫҰ елдерінің негізгі экологиялық сын-қатерлері және оларды жеңудегі практикалық тәжірибесі» және «ШЫҰ елдерінің жаһандық биоалуандықты басқару бойынша күш-жігері».
«Суды үнемдеу – ШЫҰ экологиялық және табиғатты қорғау ынтымақтастығының маңызды және басым бағыттарының бірі. ШЫҰ-ға мүше елдер қандай да бір дәрежеде су ресурстарының жетіспеушілігі, олардың біркелкі бөлінбеуі және ластануы проблемаларымен ұшырасып отыр. Суды үнемдеу ШЫҰ кеңістігінің өркендеуі мен тұрақтылығы негіздеріне ықпалын тигізеді. Ұйым мүшелері бұл мәселеге үлкен мән береді және оны жоғары деңгейде қарауды және шешуді ұсынады», - дейді спикер.
Астанада өтетін ШЫҰ мемлекеттерінің басшылары кеңесінің отырысында «Ауыз су қауіпсіздігі мен санитариясын қамтамасыз ету туралы» мәлімдемесі қабылданады деп күтіліп отыр. Құжатта су ресурстарын орнықты дамыту мен ұтымды пайдалануға, басқаруды интеграциялауға, суды тиімді және ұтымды пайдалануды насихаттаудың өзектілігіне, сондай-ақ баршаға қауіпсіз ауыз суға, санитария мен гигиенаға қолжетімділікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық пен әріптестікті кеңейту қажеттігіне баса назар аудару керегі аталып өткен.
ШЫҰ мемлекеттері өз кеңістігіндегі озық су үнемдеу және суару технологияларын тарату жұмыстарына ерекше көңіл бөледі. 2019 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен Янлин қаласында (ҚХР) ШЫҰ аграрлық технологиялармен алмасу және оқыту жөніндегі демонстрациялық базасы құрылды, ол соңғы 5 жылда ШЫҰ кеңістігінде Қытайдың озық су үнемдеу, ирригациялық және басқа да ауыл шаруашылығы технологияларын тарату мен енгізуде маңызды рөл атқарған және мүше мемлекеттерде су ресурстарын сақтауға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан.
«ШЫҰ су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа да зор мән береді. ШЫҰ Хатшылығы ФАО-мен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды, оның негізгі элементтерінің бірі – су ресурстарын тұрақты басқару саласында алмасу мен ынтымақтастықты жүзеге асыру. Жақында мен Тәжікстан Республикасы ұйымдастырған Душанбе қаласындағы «Су 2018-2028 жылдардағы тұрақты даму үшін» халықаралық іс-қимыл онжылдығы бойынша жоғары деңгейдегі үшінші Халықаралық конференцияға қатыстым. Бұл шара халықаралық қоғамдастықтың, соның ішінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары бағасын алды», - деді ШЫҰ Бас хатшысы.
Сұхбаттың толық нұсқасына мына сілтеме арқылы өте аласыз.