ҚР Туризм және Спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, келген қонақтар қатарында ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, Қытай Халық Республикасының дене шынықтыру және спорт жөніндегі бас мемлекеттік басқармасының басшысы, Қытай Олимпиада комитетінің төрағасы Гао Чжидань және Ресей федерациясының, Беларусь республикасының, Иран ислам Республикасының, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан Республикаларының Туризм және спорт министрлері мен өкілдері бар.
Олимпиадалық даярлау орталығы – ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналатын инфрақұрылым халықаралық стандарттарға сай салынған. Спорт нысандарында бір уақытта 2300 спортшы шыныға алады. Мұнда спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командалары даярланады.
Сондай-ақ іс-шара барысында ҚР Туризм және спорт министрі, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласына жауапты басшылары «Олимпиадалық даярлау орталығының» аумағында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.
Ванкувердегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталева, ӘЧ қола жүлдегері және Азия чемпионы Милад Карими, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, 2000 жылғы Олимпиада ойындарының чемпиондары – Ермахан Ибраимов пен Ольга Шишигина, сондай-ақ күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, 2021 жылы өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері – Софья Берульцева мен Елдос Сметов келген қонақтарға спорт алаңдарын таныстырып, ерекшеліктерін жеткізді.