«Саммиттің маңызы өте жоғары. Оны қатысушы мемлекеттердің саяси салмағынан және БҰҰ Бас хатшысының арнайы қатысуынан-ақ түсінуге болады. Іс-шараға 15 елдің басшылары, әлемнен 10 мыңға жуық делегат, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілері келді. Саммиттің тағы бір ерекшелегі – Қазақстанның 1 жыл бойы атқарған төрағалығының қорытындысы. 1 жылдың ішінде еліміздің төрағалығымен 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Бір-екі мысалға тоқталсам, Түркістан қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәдени орталықтарын, тарихи қалаларын зерделеу аясын кеңейтуге бағытталған ғылыми-зерттеу конференциясы өтті. Экология мәселесі де, азық-түлік қауіпсіздігі де көтерілді. Әлемде жыл сайын қуаңшылық артып келеді. Ауыз судың жетіспеушілігі де байқалады. Су тасқыны да әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатыр. Осы орайда азық-түлік мәселесін шешу үшін Қазақстан нақты басымаларын көтеріп отыр», - деді сарапшы агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол бүгін елордада өтіп жатқан саммитте Астана декларация қабылданатындығын айтты.
«Құжатта ШЫҰ атынан бейбіт әлемді дамытуға байланысты белгілі бір формула ұсынылады. Яғни, бүгінде, геосаяси текетірестер әртүрлі алаңда болып жатқан кезде ШЫҰ әлемді бейбіт дамыту мақсатында өзінің ресми көзқарасын білдіреді деген сөз», - деді ол.
Сонымен қатар сарапшы Беларусь елі 2022 жылы ШЫҰ-ға мүше болуға өтініш білдіргенін еске салды.
«3 жылдан кейін бүгін міне Беларусь толыққанды мүше болып отыр. Демек, Ұйымның географиялық аймағы да кеңейе түсті. Меніңше, кешке дейін әлі де маңызды мәлімдемелерге, құжаттарға қол қою рәсіміне куә боламыз», - деді Бауыржан Серікбаев.
Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне келген мәртебелі меймандарды қарсы алып, қол алысты. Ел басшыларын қарсы алу рәсімі аяқталды.
Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде мүше мемлекеттердің басшылары Беларусь Республикасын Ұйым мүшелегіне қабылдауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы халықаралық қатынас жүйесінің маңызды тетігіне айналды. Бұл туралы саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.