ШЫҰ саммиті: Бішкектегі сауда орталықтары мен базарлар уақытша жабылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан астанасында 31 тамыз бен 1 қыркүйек күндері ірі сауда орталықтары мен базарлар уақытша жабылады, деп хабарлайды агенттіктің Бішкектегі тілшісі.

Фото: Бішкек әкімдігі

Бұл шектеулер ШЫҰ саммиті мен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көлік кептелісін азайту үшін енгізілмекші.

Бішкек қалалық кеңесінің қылмыстың алдын алу жөніндегі үйлестіру комиссиясының отырысында ресми делегацияның бағыты бойында орналасқан сауда орталықтарының жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, «Чынар» СҮ, «Айчүрек» орталық әмбебап дүкені, «Бішкек Парк», «Азия Молл», «Ала-Арча», VEFA орталығы тағы басқалар.

Сонымен қатар, бірқатар жерасты жаяу жүргіншілер өткелдері 29 тамыз күні сағат 15:00–ден бастап жабылады.

Бұл шаралар қала тұрғындарының, ел астанасына келген қонақтардың және ресми делегация өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің отырысы 2026 жылдың 31 тамызынан 1 қыркүйегіне дейін Бішкекте Қырғызстанның төрағалығымен өтеді.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты да ел астанасының жаңа стадионында өтеді. Ойындардың негізгі мәдени және ғылыми бағдарламасы 2-6 қыркүйек аралығында Шолпан-Атада және Ыстықкөл облысындағы Қырчын шатқалында жалғасады.

Бұған дейін Қырғызстанның VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстарын аяқтап жатқанын жаздық.

Сондай-ақ, ШЫҰ саммитіне байланысты Бішкек тұрғындарына қаладан уақытша кетуге кеңес берілді.