Ел Президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов ресми түрде Бішкек тұрғындарына бұл күндерді мүмкіндігінше Ыстықкөлде немесе басқа демалыс орындарында өткізуге шақырды.
Ол Қырғызстанға алғаш рет 21 мемлекет басшысы бір уақытта келетінін, олардың кейбірі ресми мемлекеттік сапармен келетінін атап өтті. Бішкекте үш күн бойы жолдар жиі жабылып, қолайсыздық тудыруы мүмкін.
— Мектеп оқушылары мен университет студенттері үшін сабақ 15 қыркүйектен басталады. Сондықтан 1 қыркүйекке дейін Бішкекке асығыс оралудың қажеті жоқ. Қырғызстан тұрғындары демалыстарын 15 қыркүйекке дейін алдын ала жоспарлай алады, — деп қосты ол.
Айта кетейік, Қырғызстан биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының айналмалы төрағалығын иеленіп, ШЫҰ саммитін өткізуге дайындалып жатыр.
Сонымен қатар, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді, оған 90 ел қатысады. Ашылу салтанаты ел астанасының жаңа стадионында өтеді.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Бішкекте өтетін ШЫҰ саммитіне қатысатынын хабарлаған болатынбыз.
Ел «Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25 жылдығы» атты күміс коллекциялық монетаны айналымға енгізді.
Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 21-ші кездесуі және ШЫҰ елдерінің ғылым және технология министрліктері мен ведомстволары басшыларының 10-шы кездесуі өткен болатын.