ШЫҰ шежіресі: Өткені, бүгіні мен болашағы

Фото: Коллаж: Akorda; Kazinform; Wikipedia

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 2001 жылы 15 маусымда құрылған халықаралық ұйым. 2004 жылдан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясында бақылаушы болып саналады. Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылу тарихы мен перспективасы жайлы толығырақ Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыз.

ШЫҰ қалай құрылды?

Ұйымның құрылу тарихы 1996 жылдан басталады. Сол жылы Шанхайда Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан басшылары «Бірлескен шекара аймағында әскери салада сенім шаралары туралы келісімге» қол қойды. Осы құжатқа қол қойылғаннан кейін «Шанхай бестігі» термині пайда болды. Біріктірудің негізгі мақсаты бұрынғы Кеңес Одағы республикалары мен Қытай шекарасында тұрақтылықты қамтамасыз ету еді.

Жыл сайынғы кездесулердің бұл түрі бес елдің әрқайсында кезек-кезек ұйымдастырылып, бекітілді.

Инфографика: Kazinform

 

1998-2000 жылдар аралығында Алматы, Бішкек және Душанбе қалаларында Шанхай бестігінің саммиттері өтті. Сондай-ақ, кездесулердің мазмұны шекаралас аймақтарда сенімді нығайту мәселелерін талқылаудан саясат, қауіпсіздік, дипломатия, сонымен қатар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дейін біртіндеп кеңейді. Мемлекет басшыларының кездесулерінен басқа, Сыртқы істер министрлігі, қорғаныс министрлері, құқық қорғау органдары, экономика, мәдениет, көлік, төтенше жағдайлар министрлері, шекара қызметтері, прокуратуралар мен ұлттық министрлер арасында тұрақты кездесулер тетіктері құрылды.

Бес елдің өзара байланысы сәтті іске асырылғанының арқасында ұйымға шекаралық ынтымақтастық шеңберінен шығуға мүмкіндік берді. Сөйтіп 2000 жылы «Шанхай бестігі» Шанхай форумына айналды, Өзбекстан саммитке бақылаушы ретінде қатысты.

2001 жылы Өзбекстан ұйымға ресми түрде қосылды. Осылайша, «Шанхай бестігі» Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) болып өзгертілді. Бір жылдан кейін ШЫҰ мемлекет басшыларының Санкт-Петербург саммитінде ұйымның мақсаттары, қағидаттары, құрылымы мен қызметінің негізгі бағыттары көрсетілген жарғысына қол қойылды.

Ал, ШЫҰ-ның негізгі мақсаттарына мыналар жатады:

  • қатысушы елдер арасындағы өзара сенім мен тату көршілік қатынасын нығайту;
  • олардың саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және басқа салалардағы тиімді ынтымақтастығына жәрдемдесу;
  • аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты бірлесіп қамтамасыз ету және қолдау;
  • демократиялық, әділ және ұтымды жаңа халықаралық саяси, экономикалық тәртіп құру жолындағы ілгерілеу.

Ұйымның басым бағыттары: көлік инфрақұрылымын, энергетиканы, телекоммуникацияны, мұнай-газды, ауыл шаруашылығын және су ресурстарын пайдалануды дамыту болды.

ШЫҰ-ның ұйым ретінде қалыптасуы 2002 жылы аяқталды. Сондай-ақ, мемлекет басшыларының Санкт-Петербургте өткен кездесуінде ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымын (ШЫҰ РАТС) құру туралы келісім жасалды. ШЫҰ РАТС – штаб-пәтері Ташкентте орналасқан, Шанхай ынтымақтастық ұйымының тұрақты жұмыс істейтін органы. Бұл органның мақсаты – терроризмге, экстремизмге және сепаратизмге қарсы күресте тараптардың құзыретті органдарын үйлестіру және өзара іс-қимыл жасау.

Жылнама: ШЫҰ аясындағы келісімдер

2005 жылғы Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Азияның үш ірі державасына – Үндістан, Иран және Пәкістанға бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылданды. Одан бір жыл бұрын – 2004 жылы бұл мәртебе Моңғолияға берілген еді. Осы кезеңде ұйым географиялық тұрғыдан кеңейді және бұл ШЫҰ-ның халықаралық салмағын айтарлықтай арттырды.

2007 жылы ШЫҰ елдері ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

2009 жылы Шри-Ланка мен Беларуське диалог бойынша серіктес мәртебесін беру туралы шешім шығарылды.

2012 жылы ШЫҰ елдерінің басшылары Ұзақ мерзімді бейбітшілік пен ортақ гүлдену аймағын құру туралы декларация қабылдады. Сол жылы Түркия диалог бойынша серіктес болды.

2014 жылы Үндістан мен Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшелікке ресми түрде өтініш берді.

2015 жылы ШЫҰ елдерінің басшылары Үндістан мен Пәкістанды ұйымға мүшелікке қабылдау рәсімін бастау, сондай-ақ Беларуське ШЫҰ-да бақылаушы мәртебесін беру туралы шешімді мақұлдады. Камбоджа, Непал, Әзербайжан мен Арменияға диалог бойынша әріптес мәртебесін беру туралы шешімдерге қол қойылды.

2017 жылғы маусымда Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің тарихи отырысы өтті, оның барысында Үндістан мен Пәкістан ұйымға қосылды.

2022 жылдың қаңтарынан бастап ШЫҰ Бас хатшысы – Чжан Мин (ҚХР), ал РАТС директоры – Руслан Мирзаев (Өзбекстан).

Фото: Ақорда

 

Айта кету керек, Қазақстан – ШЫҰ форматындағы өзара іс-қимылдың белсенді қатысушысы. Конструктивті қатысу және тең диалогқа бағдарлану Қазақстан Республикасының аймақтағы ұстанымын нығайтады және мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен түсіністіктің артуына ықпал етеді. 2023 жылдың шілдесінен қазіргі уақытқа дейін Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық етті. Астана төрағалық еткен кезеңде тәжірибеге бағытталған тәсілді қолданып, өзара тиімді сауда-экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жұмыс атқарды.

Тәжірибеге сәйкес, Ұйымға төрағалық келесі саммит аяқталғаннан бастап басталып, төрағалық етуші аумақта ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің отырысын өткізумен аяқталатын бір жылдық кезең ішінде жүзеге асырылады.

ШЫҰ шекарасы

ШЫҰ елдерінің жалпы аумағы 35 миллион шаршы шақырымнан асады, бұл Еуразия аумағының 65 пайызын құрайды. Ұйымға мүше елдердің халқы - шамамен 3,5 миллиард адам.

Инфографика: Kazinform

 

Бүгінде ШЫҰ-ға ресми түрде 9 мемлекет мүше: Қазақстан, Иран, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан, Өзбекстан. Алайда биыл ұйымның алдағы саммитінде Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болады. Бұл ШЫҰ-ның аумақтық шекараларының бұдан да кеңейетінін білдіреді. Беларусь Республикасы 2009 жылы ШЫҰ диалогы бойынша серіктес мәртебесін алды, ал 2015 жылы ұйымдағы бақылаушы ел болды. 2022 жылы Беларусь ұйым басшылығына елдің ШЫҰ-ға жедел қосылуы туралы өтінішпен жүгінді.

Ұйым ең маңызды кезеңін өткеруде...

Шанхай ынтымақтастық ұйымы ең алдымен аймақтың қауіпсіздігін нығайту үшін құрылған. Бастапқы кезеңде ұйымның алдында шекара мәселелерін шешу міндеті тұрды. Бүгінде бұл ұйымның құзыретіне кіретін мәселелер көкжиегі едәуір кеңейді – оның қатарында өркендеу, экономикалық даму, жаңа теміржол, құрғақ порт, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы және тағы басқалар бар. Сарапшылардың айтуынша, әлемдік қауымдастықтың ұйымға деген қызығушылығы артып келеді.

Фото: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

 

Қытайтанушы Әділ Қаукенов ШЫҰ Еуразия мен Азия елдерінің көпшілігін қамтитын аймақтық ұйымға айналғанын атап өтті. Бүгінде ұйым елдердің ынтымақтасуы және ықтимал тәуекелдердің алдын алу үшін жақсы платформа деуге болады.

ШЫҰ дамуының әр кезеңі іргелі оқиғаларға толы болды. Бірінші кезең ұйымның құрылуы болса, екінші кезеңін бюрократиялық машина секілді ұйымның дамуы деп атауға болады, бұл кезде ұйым халықаралық жүйеге кірікті. Үшінші кезең – ұйымның кеңеюі, оған жаңа қатысушылардың қосылуы, жаңа идеялар мен жаңа күн тәртібі. ШЫҰ тұрақты даму үстінде. Бүгінде оның күн тәртібін одан әрі кеңейту және тереңдету жөнінде ойлар қарастырылып жатыр. Сондықтан қазір ШЫҰ дамуындағы ең маңызды кезең өтіп жатыр деп айта аламыз, – деді Әділ Қаукенов.

Сарапшы бүгінде сенімді қарым-қатынас негізінде ұйымның қатысушыларына ортақ күн тәртібін әзірлеу маңызды деп санайды.

Ұйымды келіссөздер алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа инвестициялық жобаларды құрудың, жаңа серпінді құрлықтық жобаларды құрудың нақты құралына қарай қайта құру қажет. Мұның бәріне мүмкіндіктер мен құралдар бар, бірақ инструменталды тәсіл жетіспейді. Президент Тоқаев жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін ұйымды реформалау маңызды екенін айтты, – деп толықтырды маман.

Әділ Қаукеновтің айтуынша, Қытай кез келген ұйымға қатысу мәселесіне өте сақтықпен қарайды. Бірақ ШЫҰ үшін бір кездері Қытай айрықша жағдай жасады және қазір бұл ұстанымды берік ұстанады – ол ұйымды дамытып жатыр. Бұған қоса, Қытай Қазақстанның ШЫҰ-да белсенді позиция ұстануын қолдайды.

Қытай ШЫҰ-ның аймақтық ғана емес, жаһандық қауіпсіздік пен экономикалық дамуды қамтамасыз ететін ең қуатты әлемдік ұйымдардың бірі болғанын қалайды, – деп түйіндеді сарапшы.

2024 жылғы 3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның алдағы Астана саммиті «Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұранымен өтетінін мәлімдеген болатын. Саммит бағдарламасында лаңкестік, сепаратизм және экстремизммен күресу бойынша ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау қарастырылады деп күтілуде. Сонымен қатар, ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясын талқылау жоспарланған.