«Шивээт улаан» ғұрыптық кешеніне жүргізілген зерттеулер нәтижесі жария етілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Моңғолиядағы көне түркілердің «Шивээт улаан» ғұрыптық кешеніне жүргізілген «Тәңіртаудан Өтүкенге дейін: Ұлы дала көшпелілерінің тарихи-мәдени қазыналары» атты ІІ халықаралық экспедицияның ғылыми жаңалықтары мен қорытынды нәтижелері жұртшылық назарына ұсынылды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Моңғолияның орталық ауданында орналасқан «Шивээт улаан» деп аталатын аса ірі ғұрыптық кешен бар. Осы кешенде археологиялық зерттеу, жалпы құрылым бітімін анықтау мақсатында бірлескен экспедиция 2 ай бойы қазба жұмыстарын жүргізді. Басты мақсатымыз қорымның құрылым-бітімін анықтау болды. Өйткені, бұл көне түркі дәуірінің бітім-болмысы жағынан қайталанбайтын ерекше кешені. 60-тан астам таңбасы, 30-ға жуық тас мүсіндері бар, таудың төбесінде, екі өзеннің қиылысында орналасқан», -  деді экспедицияға қатысқан қазақстандық ғалым Нәпіл Базылхан.

Оның айтуынша, кешен құрылысының жалпы көлемі 120*45 метрді құрайды. Жалпы құрылымы таспен қаланған, төртбұрышты созылыңқы пішінді 11 кішігірім мұнаралы қамал қабырғалардан құрылған. Мұнан бөлек, бас құрылыстың 8 қырлы бөлігінің төртбұрыш текше іргетасты болғаны анықталған. Археологиялық зерттеу барысында 9 адам бейнелі, 4 жырқыш аң бейнелі, 1 қозылы қой бейнелі, 3 қошқар бейнелі тас мүсіндер табылған.

Айта кетерлігі, бұл экспедицияға Түркі академиясы халықаралық ұйымы тарапынан қолдау   көрсетілді. Сондықтан бүгінгі шара барысында Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлі ғалым Нәпіл Базылхан мен экспедияға қолдау көрсеткен Түркия Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің Астанадағы өкілі Ади Ихсан Чағларды  академияның «Түркі дүниесінің ықпалдастығы мен дамуына және түркітанулық зерттеулерге қолдау көсреткіні үшін» құрмет грамотасымен марапаттады.