Ішкі нарық нан өндіруге қажетті шикізатпен толық қамтамасыз етіледі — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы астық экспорты өткен жылмен салыстырғанда кем болмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті.
— 2024-2025 жылдардағы маркетингтік маусымның соңында 13,4 миллион тонна астық экспортталды. Бұл экспорттық жеткізілімнің рекордтық көрсеткіштерінің бірі. Біз жаңа нарықтарға ғана шыққан жоқпыз, сонымен қатар бұрын жоғалтқан бағыттарға да қайта оралып жатырмыз. Қазақстандық бидай қайтадан Қырғызстан, Әзербайжан және Армения нарықтарына ірі көлемде жеткізіліп жатыр. Кеше Әзербайжан Республикасының Мемлекет басшысының мемлекеттік сапары барысында бұл мәселе ерекше атап өтілді. Бұл дегеніміз ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық пен өзара тауар айналымының артуына жол ашады. Биылғы өнім көлемін ескере отырып, экспорт көлемі өткен маркетингтік маусымнан кем болмайды деп болжап отырмыз. Осылайша, 12 миллион тоннадан астам астықты экспорттық әлеует ретінде қарастырамыз, — деді Азат Сұлтанов.
Вице-министрдің айтуынша, ішкі нарық макарон, ұн және нан өндіруге қажетті шикізатпен толық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ тұқымдық материал толық дайындалып, мал шаруашылығы үшін жем-шөптік астық қоры жеткілікті болады.
— Экспорттық жеткізілімдер ішкі нарықтың тұрақтылығына еш әсер етпейді, — деп түйіндеді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Бұған дейін егін жинау науқаны барысында 26,4 млн тонна астық бастырылғанын жазғанбыз.