— Химия өнеркәсібі соңғы жылдары тұрақты дамып келеді. Былтыр өндіріс көлемі 10,5%-ға, ал биыл он айдың қорытындысы бойынша 22%-ға пайызға өсті. Осы жылы 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін ірі жоба іске қосылды. Сонымен қатар полипропилен өндірісі жолға қойылып, полиэтилен өндіру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл дайын өнімдерді өз елімізде шығаруға мүмкіндік береді. Ендігі міндет — химия өнімдерінің түрлерін көбейтіп, шикізатты терең өңдеуді дамыту. Осы мақсатта үш негізгі бағыт айқындалды: мұнай-химиясы, өнеркәсіп химиясы және биохимия. Бұл бағыттар ірі өндірістер мен олардан алынатын шикізатты әрі қарай өңдейтін кәсіпорындардың өзара кооперациясын күшейтіп, дайын өнім шығаруды арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар отандық шаруаларды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, қазір елімізде өндірілетін тыңайтқыштар ішкі нарықтың жартысын қамтамасыз етіп отыр. Жалпы өндіріс көлемі 1 млн тоннадан асты.
— Сонымен қатар елімізде бұрын өндірілмеген карбамид пен калий хлориді сияқты тыңайтқыштардың жаңа түрлерін игеру жоспарланды. Осылайша, 2030 жылға қарай өндіріс көлемі 4 млн тоннаға жетіп, ішкі нарықты толық отандық өніммен қамтамасыз етеді, — деді министр.
Бұған дейін Құрылтайда импортқа тәуелділікті азайтудың тетіктері ұсынылғанын жазған едік.
Сонымен қатар Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева отандық өніммен қамтамасыз етуде қандай кемшіліктер бар екенін атады.