Ішкі нарыққа және экспортқа арналған халал ет өнімдері қалай өндіріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы ет өңдеу комбинаты тәулігіне 50 тоннаға дейін шұжық, жартылай дайын өнімдерді, ет деликатестерін шығарады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында журналистерге өндіріс процесі, шикізат нарығы, халал талаптарының қалай сақталатыны және дайын өнімдердің қайда жөнелтілетіні көрсетілді.

Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Өндіріс цехына кірер алдында тілшілерге арнайы халаттар мен бас киімдер таратылып, қол мен аяқ киімді дезинфекциялық ерітіндімен өңдеу талап етілді. Бұл міндетті санитарлық дайындық біраз уақытты алды. Содан кейін ғана тоңазытқыш камераларына, тұтас етті бөлшектеу орындарына және заманауи жабдықтарды қарауға рұқсат берілді.

«Қарқын-2030» ЖШС 2009 жылы ресми түрде тіркелген. Бүгінде компания NARLEN сауда белгісімен өнімдер шығарады. Комбинатты Нұрмахан Әбдібаев басқарады, сондай-ақ ол бұл отбасылық бизнесті ұлы Жомартпен бірге жүргізеді.

— Отбасылық бизнесіміздің тарихы 2008 жылдан бастау алады. Оның негізін әкем қалап, бізді де осы іске тартып, жұмыстың мән-жайын үйретті. Содан бері біз өндірісімізді дамытуды жалғастырып келеміз. Бүгінде өнімдерімізді Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі дүкендерден табуға болады. Тауарларымызды еліміздің барлық өңіріне жеткіземіз, – деді Жомарт Әбдібаев.

Ет қайдан жеткізіледі?

Комбинаттың өнімдер тізімі 97 атаудан тұрады. Мұнда шұжық пен шұжықшалардың (сосиска) сан алуан түрлерінен бөлек, сарделькалар, еттен жасалған жартылай дайын өнімдер және ұлттық ет деликатестері өндіріледі. Өнімдерді дайындауда сиыр еті, жылқы еті және құс еті қолданылады.

— Өзімізде мал бордақылау алаңымыз бар. 30 мыңнан астам малды өзіміз бағамыз. Қажет болған жағдайда, қосымша етті басқа өндірушілерден аламыз. Түркістан облысының Қазығұрт және Түлкібас аудандарындағы жеткізушілермен жұмыс істейміз, сондай-ақ Қостанайдан да ет алдырамыз. Құс еті Алматыдан жеткізіледі. Барлық шикізатымыз – қазақстандық өнім, – деп түсіндірді Жомарт Әбдібаев.

Халал талаптарының орындалуы

Мал сою орнында етті бастапқы өңдеу процесі көрсетілді. Бұл цех арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген, сондай-ақ мал етін бөлшектеуге арналған арнайы учаскелер қарастырылған. Дайындалған шикізат одан әрі өңдеуге жіберіледі.

— Малды күн сайын өзіміздің цехта соямыз. Барлық жұмыс халал талаптарына сай жүргізіледі. Арнайы мамандар келіп, жұмыс барысын тексереді және белгіленген стандарттардың сақталуын қадағалайды. Атап айтқанда, бұл ережені қатаң ұстанамыз. Әрбір малды сояр алдында «Бісміллә» деп айтып, аталған стандартқа сәйкес талаптар толық орындалады, — деді Жомарт Әбдібаев.

Өндіріс директоры Зүлфия Жамалованың айтуынша, комбинат ISO 22000 және ISO 9001 стандарттары бойынша сертификатталған. Біріншісі - азық-түлік қауіпсіздігіне, ал екіншісі сапа менеджменті жүйелеріне қатысты.

— Біздің өнімдеріміз тек халал стандартына сәйкес келеді, – деп нақтылады З. Жамалова.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл комбинатта заманауи зертхана жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Мұнда өндіріс, сақтау және өнімді таратудың әртүрлі кезеңдеріндегі тәуекелдерді бақылауға мүмкіндік беретін HACCP жүйесі енгізілген. Кәсіпорын Қазақстанның «Халал индустриясы» қауымдастығы тарапынан сертификатталған.

Шетелдік нарық

Ет өңдеу комбинаты тек ішкі нарықпен шектеліп қалмаған. Дайын өнімдер шетелге экспортталады, сондай-ақ жеткізу ауқымын кеңейту жоспарланған

- Ет өнімдерімізге шетелде де сұраныс бар. Қазіргі уақытта оны Ресейге және көршілес Өзбекстанға жөнелтіп жатырмыз. Ынтымақтастық жөнінде жаңа ұсыныстар да түсіп жатыр. Бұл жаңа бағыттарды қарастырып, нарықты дамытуды жалғастырамыз, – деді Жомарт Әбдібаев.

Жалақы және мемлекеттік қолдау

Жомарт Әбдібаевтың сөзіне қарағанда, кәсіпорын 1200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр, оның 600-і өндіріс цехтарында еңбек етіп жүр. Компания деректеріне сәйкес, жалақы мөлшері 300 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін жетеді. Бұл жергілікті тұрғындарға үйіне жақын жерде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік береді.

— Отбасылық бизнесімізді бастапқыдан негізінен өз күшімізбен дамыттық. Әрине, мемлекет тарапынан да қолдау көріп отырмыз, бұған ризамыз. Өнімдеріміз үшін субсидия алмаймыз. Дегенмен, пайыздық мөлшерлемесі төмен несие берілді, сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға қатысты көмек алып жатырмыз. Мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз және Түркістан облысының қолдауын нақты сезініп отырмыз. Мемлекет басшысына, облыс басшылығына алғысымды айтқым келеді, – деді Жомарт Әбдібаев.

Бұған дейін Қазақстанның халал сертификаты Қатарда ресми танылғанын жазған едік. 

Аграрлық секторда «Халал» стандарттарды енгізе отырып, отандық ет өнімінің экспорты екі жылда 50 пайызға өсіп, шамамен 170 млн АҚШ долларына жетті.